МЕРЕЙТОЙДЫ МЕРЕЙІМІЗДІ ӨСІРЕТІН, АБЫРОЙЫМЫЗДЫ АСЫРАТЫН ШАРАҒА АЙНАЛДЫРАМЫЗ
Биыл қойнауы құт пен қазынаға толы шежірелі Сыр өңірінің бас қаласы Қызылордаға 200 жыл, Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл, еліміздің бас шаһары Астана қаласының құрылғанына 20 жыл толғалы отыр. Мерейлі мерейтой қарсаңында өзенмен аттас ауданның тыныс-тіршілігімен танысуды мақсат тұтқан біз аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы Қазантаевқа жолығып, мерейтойдың мәні мен маңызы, ұйымдастырылатын іс-шаралардың барысы жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз.
– Ғанибек Қонысбекұлы, әңгімемізді ауданның айтулы мерейтойы жөнінде бастасақ. Мерейтойда қандай шаралар атқарылады, жұмысты неден бастайсыздар?
– Иә, биыл ауданның құрылғанына 90 жыл толғалы отыр. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас», – деген бар емес пе, алдымен іс-шара жоспарын жасадық. Сосын ауданға қарасты барлық елді мекендердегі активті, Қоғамдық кеңес мүшелерін, аузы дуалы қарияларды, көргенін кестелеп, білгенін білтелеген ақсақалардарды, үкіметтік емес ұйым өкілдерін, беделді кісілерді, ауыл әкімдерін, мекеме, кәсіпорын басшыларын әкімдікке жинап, атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырдық. Себебі, біткен іске сыншы көп. Сол үшін ақылдастық, елдің айтар ұсыныс-пікірлерін тыңдадық және ондай ұсыныстар біздің алдағы жұмыстарымызда ескерілетін болады.
– Шараны өткізу шамамен қай уақытқа белгіленді?
– Тамыз айының алғашқы онкүндігінде, яғни 10-11 күндері аталып өтіледі. Жалпы мерекелік шаралар бірнеше бағытта өтеді. Алдымен кент орталығындағы «Парасат» алаңының ашылуынан басталатын мерейтой С.Сейфуллин ауылында ат жарысына ұласады. «Парасат» алаңында ауданнан шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Социалистік Еңбек Ерлерінің ескерткіш-бюстері орнатылады. Мерейтой аясында ғылыми-практикалық конференция, «Сырдария -ІІ» кітабының тұсаукесері өткізіледі. Осы мерейтой аясында келген қонақтар орталық саябақта орналасқан «Құрметті азаматтар» аллеясымен және «Еңбек даңқы» музейінің жұмысымен таныса алады. Сол күні халық жазушысы, белгілі драматург Қалтай Мұхамеджанов пен ақын Әбіраш Жәмішевтің 90 жылдығына арналған «Қаламы қарымды тұлғалар» атты әдеби кеш өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» спектаклінің қойылымы, облыстық, жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылады. 11 тамыз күні республикалық ақындар айтысы өтеді. Оған елімізге белгілі айтыс ақындары қатыспақ. Одан басқа меймандар ауданның тыныс-тіршілігімен, үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алады. Ардагерлер мен Ассамблея мүшелерімен кездесу өткізу де жоспарланған. Сондай-ақ, әр салада табысты еңбек етіп жүрген, өмірлік бай тәжірибесі бар, сыртта, алыс және жақын шетелдерде, республика аумағында қызмет жасап жүрген өнегелі жерлестермен жастардың «Жаныңда жүр жақсы адам» атты кездесуі ұйымдастырылады. Мақсатымыз – осы мерейтойды өткізе салу емес, керісінше ұрпақтар сабақтастығы жолымен алдыңғы толқын аға-апалардың өнегелі өмір белестерін кейінгі жастарға үлгі етіп көрсету, оларға ой салу, жастардың бойында туған елге деген патриоттық сезім, үлкенге деген құрмет қалыптастыру. Шара соңында Қазақстанның эстрада әртістерінің гала концерті, лазерлік шоу ұйымдастырылады. Қысқасы, мерейтойды жұрт жадында сақталып қалатындай, мерейімізді өсіретіндей, абыройымызды асыратындай етіп өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Мәдени көпшілік шаралардан басқа спорттық жарыстар өткізіле ме?
– Әрине, спорттың тоғызқұмалақ түрі бойынша ауданның өзіндік жарқын жетістіктері бар. Спорттың осы түрі бойынша небір мықты спорт саңлақтары шыққаны белгілі. Сондықтан тоғызқұмалақтан, шахматтан, таэквондодан жарыстар өткізіледі. Сөзімнің басында айтқанымдай С.Сейфуллин ауылында ат жарысы ұйымдастырылады. Оның бас жүлдесі үшін автокөлік тігіліп отыр.
– Қай мереке болмасын оның өзіндік атрибуттары, символикалық ескерткіш заттары болады. Сырдария ауданына келген қонақтарды осы мерейтойдан ескерткіш ретінде не күтіп тұр?
– Ең алдымен мерекелік медаль шығаруға тапсырыс берілді. Сосын осы аудан тарихынан сыр шертетін «Сырдария ІІ» кітабын шығару қолға алынды. 2011 жылы «Сырдария» кітабы шыққан болатын. Бұл кітап соның заңды жалғасы болмақ. Кітап қазақ және қытай тілінде жарық көретін болады. Әрине, көпшілікті неге қытай тілінде деген сұрақ ойландыратын болар. Мерейтой демеушілерінің негізгісі – ірі мұнай компаниясы. Аймақ дамуында ерекше орын алатын ірі өндіріс орны болғандықтан кітаптың бір тарауында мұнай кеніші жайлы айтылмақ. Сондықтан демеушілердің өтінішіне сәйкес кітап қытай тіліне аударылатын болады.
– Сырт көз қашанда сыншы. Туған жерге сағынып келетін жерлестер тамсанатындай, кеудесін мақтаныш сезімі кернеп, «менің туған жерім» деп айтатындай жетістіктерге тоқталсаңыз.
– Бұған дейін ауданның шыққан биігі, кешегісі мен бүгіні жайлы облыстық «Сыр бойы» газетіне арнайы сұхбат берген болатынмын. Онда ауданның жетістіктері жан-жақты айтылды. Оны қайталағым жоқ. Оның үстіне соңғы жылдары ауданға қарасты елді мекендерде жаңадан ауыл әкімдігінің ғимараттары, білім ордалары, ауылдық клуб үйлері, балабақшалар, дәрігерлік-амбулаториялар салынды. Соңғы жылдары ауданда атқарылған жасампаз жұмыстарды аудан орталығынан шалғай орналасқан Іңкәрдария ауылының даму деңгейінен аңғаруға болады. Ауылға жаңадан әкімдік ғимараты салынып, 120 орындық клуб үйі мен дәрігерлік-амбулатория пайдалануға берілді және білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Былтыр, соңғы он жылдан бері өзекті мәселеге айналған елді мекеннің кіреберіс автомобиль жолын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 291 млн.теңге бөлініп, жұмыстары аяқталды. Жөндеуден өткен жолдың ұзындығы 7 шақырым, ені 7 метрді құрайды. Бүгінде Іңкәрдария ауылының халқы 24 сағат бойы таза ауыз су тұтынып отыр. Сол секілді, Айдарлы ауылында да аудандық бюджет есебінен ауылдық клуб үйі бой көтерді. Ауыл еңбеккерлері «Торпедо» қауынын егіп, өнімдері өз елімізбен қатар Ресей мемлекетіне саудаға шықты. Бұл елді мекеннің кәсіпкерлікке ден қойғанын білдіреді. Сонымен қатар, барлық ауылда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Өткен жылы егін егумен айналысатын шаруашылық құрылымдары 1 млрд. 506 млн.теңгеге 35 ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Шіркейлі ауылындағы жаңа мектеп пен мөлтек аудан ашылып, инфрақұрылым жүргізу жұмыстары аяқталды. С.Сейфуллин ауылында да аудандық бюджет есебінен балабақша, ауылдық клуб, орта мектептің акт залы мен кітапханасы салынып, пайдалануға берілді. Жалпы, ауданның барлық саласында дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Сондықтан да серпінді Сырдариядағы жүйелі жұмыстарды өзге аудандар өз тәжірибесіне енгізуде.
– Кентте салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй құрылысы да мерейтойға тарту іспетті. Осы жөнінде айтсаңыз.
– Иә, Аманкелді Иманов пен Нәлқожа Ергешбаев көшелерінің қиылысында көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Бүгінде құрылыс алаңында мердігер мекеме «Дәнекер ҚК» ЖШС жұмыс жүргізуде. Техникалық қадағалаушы «Қаймар Инжиниринг» ЖШС мекемесі. Жалпы, тапсырыс беруші «Сырдария аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» КММ. Негізінен жыл соңына дейін 42 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тұрғын үйлер ауласы абаттандырылып, балалар мен ересектер демалатын орындар ашылады. Келешекте бұл жерлерде тұрғын үйлер саны артып, мөлтек аудан пайда болады. Аталған мөлтек ауданда Тереңөзек кентінің бас жоспарына сәйкес 3 қабатты 9 тұрғын үй салынады. Ауылға қызмет етуге келген жастар баспаналы болып, аудан дамуына өз үлестерін қосады деген ойдамыз.
– Айтулы мерейтойды жоғары деңгейде атап өту үшін бюджеттен қаржы бөлінді ме?
– Өзіңізге белгілі, серпінді Сырдария бірлік пен ынтымақ, жарасымды тірлік пен жүйелі жұмыс үйлесім тапқан берекелі аудан. Бүгінге дейін аудан халқының ауызбіршілігінің арқасында бюджет қаражатынсыз-ақ ауқымды жұмыстар атқарылды. Елжанды азаматтардың демеушілігімен «Әлеуметтік дүкеннің» жұмыс жасауы және көпірлердің салынуы аудан тұрғындарының берекелі іске бейім екенін білдіреді. Қалыптасқан жақсы дәстүр ауданның 90 жылдық мерейтойында да өзгелерге үлгі болмақ. Қазіргі таңда аудан мерейтойына байланысты қаржылық жұмыстарды жүргізу мақсатында «Сырдария-Нұрдария» қоры құрылды. Тиісті бөлім, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, денсаулық сақтау саласының мамандары бір күндік жалақыларын аталған қорға құйды. Сонымен бірге, аудан аумағындағы мұнай компаниялары мен шаруашылық құрылымдары да көмектесуде. Сұхбатты пайдалана отырып, мерейтойға қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысымды білдіремін. Жалпы, айтулы мерейтойды бюджет қаражатынсыз-ақ барлық сән-салтанатымен атқаратын боламыз. Өкінішке орай, әзірге бұл іске жергілікті кәсіпкерлер өз үлестерін қосып жатқан жоқ.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Істеріңізге сәттілік тілеймін.
Сұхбаттасқан С.СҰЛТАНҚЫЗЫ