Германиядан келген делегация өкілдері Сыр өңірінің туристік нысандарымен танысты

Делегация өкілдері ең алдымен Қызылорда облысының басты туристік аймақтарының бірі – Байқоңыр қаласынан бастады. Делегация мүшелері әлемге әйгілі ғарыш айлағын аралап, оның тарихымен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты.
Бұдан кейін шетелдік меймандар Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барып, аймақтың рухани-мәдени құндылықтарына терең үңілді. Қазақ халқының мәңгілік мұрасы саналатын Қорқыт атаның өмір жолы мен шығармашылығына қатысты жәдігерлерді тамашалап, Сыр бойының бай тарихына ерекше қызығушылық танытты.
Сапар қорытындысында делегация өкілдері Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Темірханұлы Зебешевпен кездесті. Кездесу барысында тараптар Сыр өңірінің туристік әлеуетін дамыту, шетелдік туристерді тарту, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, Германия Федеративтік Республикасының туристік ассоциациясы – 4000-нан астам компанияны біріктіретін, неміс азаматтарының ұйымдастырылған туристік сапарларының 90 пайызын қамтитын елдегі ең ірі салалық ұйым. DRV қауымдастығы Германияда ғана емес, халықаралық деңгейде де туризмнің дамуына ықпал ететін стратегиялық маңызды ұйым болып табылады.
Келесі жылы аталмыш ассоциацияға мүше 70 туристік оператор Қазақстанға, соның ішінде Байқоңыр ғарыш айлағына да арнайы сапар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде еліміздегі туризмді ілгерілетуге, Сыр өңірінің халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға зор мүмкіндік бермек.
@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы