Қызылорда облысында бюджеттік қаражаттың жұмсалуына онлайн-мониторинг жүргізілуде

Аталған жүйе білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы қаржылық операцияларды бақылауға мүмкіндік береді. Оның көмегімен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын тәуекелді төлемдер анықталып, бақылауға алынады.
Мониторинг нәтижелері бойынша жоғары тәуекел деңгейіндегі операциялар анықталған жағдайда тиісті хабарламалар тұрақты түрде мониторинг объектілеріне және бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жолдануда.
Шілде айының қорытындысымен Жаңақорған ауданы бойынша білім беру мекемелеріне бюджет қаражатын негізсіз аудару фактілері бойынша жоспардан тыс аудиторлық іс-шара басталды.
Бұдан бөлек, Арал ауданының мәдениет саласында да бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталып, тиісті сомалар бюджетке қайтарылды. Заңбұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларға тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылды.
Жалпы, жолданған хабарламалар бойынша анықталған негізсіз төлемдердің сомасы 119,0 млн теңгені құрады, оның ішінде 107,9 млн теңге бюджетке және білім беру ұйымдарының шоттарына қайтарылды.
Бұл нәтижелер Департаменттің бюджет тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету, заңбұзушылықтарды уақтылы анықтау және оларды жедел жою бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетеді.
Фото: Н.Нұржаубай