Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінде спорт күніне арналған салтанатты шара өтті

Сыр өңірінде спорт күніне арналған салтанатты шара өтті

Бүгін «Өнер орталығында» Спорт күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары Ермахан Ыбырайымов, Бақыт Сәрсекбаев, Елдос Сметов, Болат Жұмаділов, Нұрбақыт Теңізбаев, Әділбек Ниязымбетов, Ислам Байрамуков, Серік Елеуов, Қамшыбек Қоңқабаев, Мерей Ақшалов, Біржан Жақыпов, облыстық құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдері, сала ардагерлері арнайы қатысты.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, спорт саласындағы бастамалар мен жетістіктерді атап өтті.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз. Халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыру – біздің ортақ міндетіміз» - деп, спорт инфрақұрылымын, соның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салуға тапсырма берген болатын.

Президентіміздің тапсырмасын орындау мақсатында өңірімізде спорт инфрақұрылымын дамытуға, бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын арттыруға басымдық берілуде.

Қазіргі таңда аймағымызда 340 мыңнан астам тұрғын спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл - өңір халқының 40 пайызы. Спорт резерві мен жоғары дәрежелі спортшыларды даярлайтын 33 спорт мекемесі жұмыс істейді. Соңғы 3 жылда 20 спорт кешені пайдалануға берілді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерде тағы 6 спорт кешені ел игілігіне табысталады.

Сыр өңірінің спортшылары әлемдік додалар мен ел біріншіліктерінде әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің атын әлемге танытуда. Алдағы уақытта да аймақ спортының дамуына аянбай атсалысып, жаңа белестерді бағындыра береді деп сенемін. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!Мереке құтты болсын!», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мерекелік шарада салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға сүбелі үлесін қосқан сала мамандары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Концертте үрмелі аспаптар оркестрі халық әндеріне импровизация жасады, эстрада әншісі Бағлан Әбдірайымов ән шырқады.

Айта кету керек, Сыр өңірінің спортшылары халықаралық аренада көк туымызды көкке көтеріп келеді. Жыл басынан бері Әлем, Азия чемпионаттарынан 36 алтын, 22 күміс, 42 қола медаль жеңіп алды.
Ел біріншіліктерінен 118 алтын, 103 күміс, 151 қола медальға қол жеткізді.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

15 тамыз 2025 ж. 122 0