Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Экономикалық тұрақтылық кепілі – ел дамуының тірегі

Экономикалық тұрақтылық кепілі – ел дамуының тірегі

14 тамыз – Мемлекеттік кірістер органдарының кәсіби мерекесі. Былтыр аталған органның құрылғанына 10 жыл толған еді. Дәлірек айтқанда, 2014 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес салық қызметі, кеден қызметі және қаржы полициясы экономикалық тергеу қызметі органдарын біріктіріп, Мемлекеттік кірістер комитеті құрылған. Атаулы күн қарсаңында Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұрлан Сайлауұлымен әңгімелестік.

– Нұрлан Сайлауұлы, ең алдымен Сізді және өзіңіз басқарып отырған сала қызметкерлерін төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әңгіменің әлқиссасы болсын, жалпы сала жұмысына тоқталып өтсеңіз.

– Рақмет. Өзіңіздің де жұмысыңызға сәттілік тілеймін! Аудандық газет әркез қоғамдағы маңызды жайттар мен жаңа­лықтарды құр жібермейді. Төл газеттің тұрақты оқырманымыз әрі тұрақты әріптестік байланыс орнағанын айтып өту орынды.

Егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму процесінде қаржы жүйесінің маңызы зор. Әсіресе ел қазынасының қалыптасуы, бюджеттің кіріс бөлімінің сапалы орындалуы, халықтың әл-ауқатының күре тамыры салық жүйесіне тікелей тәуелді. Сондықтын аталған бағыттың салмағы ерекше екені сөзсіз.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы салық саясатына үлкен мән беріп, бұл құры­лымның аяғына тік тұруына айрықша қамқорлық көрсетуде. Өндірісті өркендетуге, кәсіпкерліктің дамуына жол ашатын индустриалық-инновациялық бағдарламалар бастау алды. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жобалар нәтижесінде салық жүйесінде ашықтық, әділдік, теңдік ұғымы салтанат құрып, жаңа реформалар өмірге келді. Ауданның бюджет түсімі ұдайы алдыңғы көштен қалысқан емес.

Жалпы Мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеті – салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық және уақытылы түсуін қамтамасыз ету. Аталған органның қызметі елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды орын алады. Экономиканың дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, мемлекеттік бюджетке салық және кеден төлемдерінің тиімді түсуі, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес, халықтың құқықтық сауаттылығы мен салық мәдениетін арттыру – осындай қауырт әрі тынымсыз жұмыстар біздің саланың негізгі міндеті болып табылады.

– Ал аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы қашан құрылған?

– Жалпы салық органының құрылуы Одақтың ыдырауы алдындағы КСРО Қаржы министірлігінің 1990 жылғы 12 ақпандағы бұйрығы және Қазақ КСР министрлер кеңесінің 16 наурыздағы Қауылысына сәйкес қабылданған Қаржы министрлігінің 3 мамыр 1990 жылғы бұйрығы негізінде Қаржы басқармасының ізінен ашылды.

Бір жылдан аса уақыт өткеннен кейін, 1991 жылы 9 шілдеде Мемлекет басшысының «ҚР салық қызметін құру туралы» Жарлығы негізінде Қаз КСР-нің Бас салық инспекциясы және оның аумақтық мемлекеттік салық инс­пекциялары құрылды.

2014 жылдың 6 тамызында Пре­зидентіміздің «ҚР мемлекеттік бас­қару жүйе­сін реформалау туралы» Жар­лы­ғымен бұрынғы салық, кеден және қар­жы полициясының экономикалық қыл­мыстармен күресу бағытын біріктірілген жаңа құрылым ҚР ҚМ МКК құру жүзеге асты.

– Енді негізгі сұраққа көшсек. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығы бойын­ша салық түсімі қанша?

– Кірістер органдарының басты міндеті – мемлекеттік бюджет түсімін қамтамасыз ету, соның заңдылығын бақылау және осы бағыттағы құқық бұзушылықпен күресу.

2025 жылдың 1-жартыжылдығында жер­гілікті бюджеттік жоспар 108,9 пайыз, облыстық бюджеттік жоспар 637,9 пайызға орындалды. Былтырғы жылдың түсімімен салыстырғанда жергілікті бюджеттің салық­тық түсімдері бойынша 215,8 млн теңгеге артып, түсім қарқыны 107,8 па­йызды құрады. Жергілікті бюджет түсімінің басым бөлігі мүлік салығына тиесілі. Яғни мүлік салығы аудан бюджетінің салықтық түсімдерінің 60 пайызын, жеке табыс салығы 21 пайызын, корпоративтік табыс салығы 10 пайызын құрайды. Ал әлеуметтік салық 17 пайыз, жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық – 4 пайыз.
                               

– Ал мұнай компа­нияларының мүлік са­лы­ғын орындау көр­сеткіші қандай?

– Кей мұнай ком­пания­ларының мүліктерінің құны бастапқы құнынан 80-90 па­йыз амор­тизациялық тозығы шығарылып, мүлік салығының есеп-қисабының күрт төмендеуіне әкелуде. Бұл өз кезегінде ірі мұнай компаниялары есебінен түсімнің өсу қарқынын төмендетіп, бұл бекітілген меженің орындалмауына себеп болып отыр. Жергілікті бюджеттің тү­сімі бо­йынша бекітілген межені орындау мақсатында, оның ішінде мүлік салығының ірі мұнай компанияларының түсімінен бөлек, басқа мүлік объектілерінен салық түсіру жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері коммерциялық объектісі бар 108 салық төлеушілерге қайта бағалау жұмысының нәтижесінде, 8,5 млн теңге ақшалай түсім өндірілді. Объектісі бола тұра, салық төлемей жүрген 47 салық төлеушіден 80,7 млн теңге қосымша резерв көздерінен түсім түсірілді.

– Сандарды сөйлетер болсақ, кей тұста есеп артса, кей тұста төмендеп жатады. Бекітілген межені орындау үшін қандай жұмыстар атқарылады?

– Межеге жету үшін тиісті әкімшілендіру жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері қосымша резервтер көзінен жергілікті бюджетке 251,3 млн теңге түсім түсірілді. Оның ішінде, 237,8 млн теңге ақшалай өндірілсе, қалған 13,5 мың теңге салық төлеушінің бет есебіндегі артық төлем есебінен жабылды.

Жалпы жыл басынан бері қосымша резервтер көзінен 404 млн теңге түсім түсірілді. Оның ішінде, республикалық бюджет бо­йынша 152,6 млн теңге, жергілікті бюджетке 251,3 млн теңге түсім түсірілді.

– Жалпыға бірдей міндетті декларация туралы айтып өтсеңіз.

– Бұл жерде негізгі мақсат көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін жеке тұлғалардың табысы мен мүлкіне тиімді бақылау жүйесін құру. Жалпыға бірдей декларация – әр азаматтың табысы мен мүлкі туралы мәлімет беруі. Халық арасында бұл мәселе жөнінде түсініспеушіліктер орын алғаны белгілі. Осы орайда біздің қызметкерлер түсіндірме жасап, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмыс жүргізгенін айта кету орынды.

Елімізде жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізілді. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап төртінші кезең жүзеге асты. Бұл кезеңде азаматтардың қалған санаттары декларация тапсыруы тиіс еді. Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кейбір азаматтар үшін декларация тапсыру міндеттілігі алынып тасталды.

Бастапқы декларация: 250.00 нысан – активтер мен міндеттемелер туралы декларация. Жыл сайынға декларация 270.00 нысан – кірістер мен мүлік туралы декларация. Тапсыру мерзімі 15 қыркүйекке дейін.

Бұл мәселе төңірегінде өңделмеген хабарлама тіркелген жоқ. Салық төлеушілерге хабарлама жіберіліп, барлығы дер кезінде орындалған.

– Жалпы айтқанда Мемлекеттік кірістер басқармасының атқаратын жұ­мыс бағыты көп. Қазіргі таңда ұжымда қанша қызметкер бар? Және алдағы жос­пар­ларыңызбен бөліссеңіз.

– Басқармада 1 басшы, 2 бөлім бар. Барлығы 10 қызметкер қызмет атқаруда. Барлық қызметкер уақытпен санаспай, ортақ мақсат жолында аянбай еңбек етіп келеді. Нәтижесінде біздің аудан тоқсан сайынғы бағалау көрсеткіші бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді.

Ал жоспар – бекітілген болжамды жүз пайызға орындау. Бұл – ортақ жұмыс әрі ортақ абырой. Жыл өткен сайын жұмысты алға жылжыту арқылы ел экономикасының өркендеуіне үлес қосу жолында абыройлы қызмет ету – азаматтық парызымыз.

– Нұрлан Сайлауұлы, енді қорытынды сұрақты еркін форматта қойсақ, оқыр­манға өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Жалпы бұл сала бізге жақсы таныс. Сыр елінің тумасымын, облыстың қай ауданы болса да жанымызға жақын. Оның ішінде Сырдария ауданы өзінің орналасқан аумағымен, халқының берекелі тірлігімен оң бастамаларға қол жеткізіп келе жатқанын атап өту орынды. Еңбек жолым осы ауданда 1993 жылы Сырдария ауданы бойынша Салық инспекциясында халықтың табысына салық салу маманы болып бастап, жалпы салық саласында 32 жыл бойы абыроймен қызмет етудемін. Облыс орталығының бірнеше лауазымдарында, 2015-2019 жылдар аралығында Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы, 2019-2024 жылдар аралығында Сырдария ауданы бо­йынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы және Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметін атқардым.

2024 жылдан бастап Сырдария ауданына қайта ат басын бұрып, аталған саланы жандандыру жолында қызмет етіп келемін.

– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Қызметтеріңізге сәттілік. Кәсіби мере­келеріңіз тағы да құтты болсын!

– Рақмет. Ашықтық саясаты – бүгінгі күннің басты талабы. Осы ретте аудандағы төл басылыммен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайынбыз.

Сұхбаттасқан
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

12 тамыз 2025 ж. 280 0