Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Конституция – тәуелсіздік кепілі

Конституция – тәуелсіздік кепілі

Биыл Еліміздің басты құжаты – Конституцияның қабылданғанына 30 жыл. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыз қабылданды.

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекет құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұратына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» – 1995 жылы республикалық референдумда қабылданған Конституциямыз осы сөздермен басталады.

Ширек ғасыр бойы Отанымызды мекендеген барша ұлт пен ұлт өкілдерінің татулығы мен бірлігінің, құқықтық теңдігінің негізі болып келген құжат Қазақстан атты мемлекетпен бірге болашаққа аттанып, сан жылдар, тіпті ғасырлар бойы еліміздің құқықтық тірегі болатынына сеніміміз мол.

Конституцияда жазылғандай, мемлекеттің ең басты құндылығы – адам. Демек, Заң да адам құқығы бұзылмай, мүддесін қорғау үшін жазылады.

Конституциямен адамның құқығы мен бостандығы, сондай-ақ оларды іске асыру кепілдігі бекітіледі. Бұл қоғам мен мемлекеттің жоғары құндылығы мен мақсаты болып табылады. Халық негізгі құжатқа сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі және елдегі егемендіктің иесі болып есептеледі.

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік оны заңнамалық, атқарушылық және сот билігіне бөлу негізінде жүзеге асырылады. Оның біздің тәуелсіз елде маңыздылығы зор.

Біздің міндетіміз – Конституцияға ұқыптылықпен назар салып, онда көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындап, қоғамдық келісім мен ел тыныштығын сақтауға өз үлесімізді қосу.

Тәуелсіздігіміздің кепілі — Конституциямыздың тұғыры биік болғай. Конституция – тек заң жинағы емес, күллі қазақ елінің төлқұжаты екенін ұмытпайық!


Кузербаев Дархан Арыстанбекұлы,
Сырдария аудандық соты
әкімшісінің жетекші маманы
Фото: Н.Нұржаубай

29 шілде 2025 ж. 133 0