Ата Заң – ынтымақтың ұйытқысы
1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум негізінде Қазақстан Республикасы Конституциясы қабылданды. 9 тарау, 98 баптан тұратын Ата заң мемлекеттік құрылыстың негізін қалыптастырушы күшке ие болды. Ата Заң – тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі, тұрақтылық пен келісімнің, бейбітшілік пен жасампаздықтың айқын бейнесі.
Қазақстан Республикасы әлемдік аренада Тәуелсіз ел ретінде қадам басқан алғашқы жылдары өзінің Конституциясын бекітті. Бұл сол кезде үлкен тарихи әрі саяси маңызы терең айтулы оқиға болды. Конституция мәтінінде «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген, Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркін, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдадық» делінген.
Содан бері біз өзіміздің таңдап алған жолымызбен, барша әлемге бейбітшілік пен тұрақтылықты үндеген ел ретінде танылып келеміз. Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, елдігіміздің еңселі болуын заңдық тұрғыдан қамтамасыз ететін басты құжаттың болуы рухани топтасуымызға, алдағы күндерге сеніммен ұмтылуымызға намыс пен жігер, күш пен қайрат беретіні сөзсіз.
Ата Заңның арқасында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. 26 жыл ішінде қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуде Конституциялық принцип және оның нормасы еліміздің тәуелсіздігін, экономикалық реформасын нығайтудың басты құралына айналды. Заңдылықты бұлжытпай орындау немесе сақтай білу жауапкершілігі – Қазақстанның тұрақты дамуына жағдай жасай отырып, мемлекетіміздің өзекті деген бағыт-бағдарындағы барлық құқықтық қызметтің өркен жаюына жол ашып берді. Ал әрбір азамат өзін мемлекет міндетті түрде қорғай алатынын нық сезінді, конституциялық заңдылық азаматтар мен адамдардың құқығына және бостандығына нақты кепілдік беретініне кәміл сенді.
Конституцияда «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бекітілген. Бас құжат бойынша еліміздің басқару билігінің үш түрі – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің құзыреттері нақтыланған. Биліктің заң шығарушы тармағы – Парламент, атқарушы тармағы – Үкімет, сот билігін тек қана сот жүзеге асырады. ҚР Конституциясы бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы, мемлекеттік билік пен басқаруды жүйелеудегі, түрлі саладағы түбегейлі реформаларды орындаудағы, демократиялық институттарды дамытып, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асырудағы нық қадамдарының берік тұғырнамасы саналады.
Руслан Алдамбергенов,
Сырдария аудандық
сотының төрағасы