Жалтарғандар жазаланады

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Аталған заң бойынша бірнеше заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтар болсақ, түзетулер ең алдымен азаматтарды әскери-патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу жүйесін жетілдіруді және осы саладағы жұмыстарды күшейтуді көздейді. Екінші блок әскери міндеттемелерді даярлау және қайта даярлау деңгейін арттыру қажеттігін алға тартады. Ал үшінші блок әскери есеп жүргізу және әскери қызметке шақыру жүйесін жетілдіруге бағытталса, төртінші блок әскери атақ беру тәртібін оңтайландыруға, ҚР Қарулы күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарын жасақтауға және әскери қызметшілердің мәртебесін биіктетуге арналған. Келесі блок мерзімді әскери қызметтің беделін көтеруді қарастырса, жастарды әскери қызметке кешенді даярлауға жағдай жасау мәселесі де көтерілген. Сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысын іске асыруды дамыту да басты назарға алынған.
Тәуелсіз еліміздің негізгі қорғаны – қуатты әскер. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде Отанға деген сүйіспеншілікті бойына сіңіріп, патриоттық сезімді қалыптастыра білген абзал. Осы орайда әскери міндеттен жалтарудың жазасы да қатаң екенін айта кету орынды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден