Халық қалаулылары аудан активімен кездесті

Кездесуде аудан әкімі Б.Сәрменбаев ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен іргелі ауданда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Cоңғы 2 жылда Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл, Шаған ауылының электр желісі толық жаңартылса, биыл Қалжан ахун ауылында жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінде аймақ басшысының қолдауымен ауданды газдандыру көрсеткіші 50 пайызға жетті. Соңғы жылдары Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов, Н.Ілиясов ауылдары табиғи газға қосылды. Биыл Шаған ауылын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы 2 жылдың көлемінде 9 елді мекенде су мұнаралары жаңартылды. С.Сейфуллин және Іңкәрдария ауылдарында қосымша барлау-өндірістік ұңғымалары орнатылды. Ауданда сапалы ауыз сумен қамтуда мәселе жоқ.
Аймақ басшысының қолдауымен әлеуметтік нысандар жаңартылуда. Биыл Шаған ауылындағы дәрігерлік амбулатория қайта жөндеуден өткізілуде. С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Кездесу барысында халық қалаулылары Н.Байқадамов пен Р.Рүстемов заң шығару процесіндегі жаңалықтармен бөлісіп, қабылданған заңдардың өңірлердегі жүзеге асу барысымен таныстырып, Парламенттің жоғарғы палатасындағы жұмыс бағыттарын баяндады. Атап айтқанда, салықтық жүктемені оңтайландыру, халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, су жүйесіндегі заңнамалар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты өзгерістер мен толықтырулар жөнінде тоқталды. Өңір халқының мәселелерін жеткізіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді.
Сенат депутаттарымен кездесуде аудан активі заңнамалық деңгейде қолдауды қажет ететін бастамалар бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі