Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР парламенті сенатының депутаттары Қалжан ахун ауылында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

ҚР парламенті сенатының депутаттары Қалжан ахун ауылында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов және "АМАНАТ" партиясы облыстық филиалының төрағасы А.Есмаханов ауданға жұмыс сапарымен келіп, Қалжан ахун ауылындағы электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауданда электр желілерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Соңғы 2 жылдың ішінде Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл және Шаған ауылдарының электр жүйелері толық жаңартылғанын айтты. Бүгінгі таңда Қалжан ахун ауылында электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Аудан басшысы алдағы уақытта Тереңөзек кенті, С.Сейфуллин, А.Тоқмағанбетов, Н.Ілиясов ауылдарының электр желілерін жаңғыртуға жобалар ұсынылғанын жеткізді.

Мұнан соң халық қалаулылары Қалжан ахун ауылындағы жылыжай жұмысымен де танысты. «Береке» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жетекшісі Серік Әбжалиев жылыжай бизнесін дамыту бағытындағы 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында және 2024 жылы «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында төмендетілген несие алып, жылыжай шаруашылығын қайта жандандыруда. Кооператив жетекшісі С.Әбжалиев қазіргі таңда жылыжайда қияр мен қызанақ өсірілуде және бұл өнімдерге деген сұраныс өте жоғары екенін атап өтті. Жылыжай кешені ауыл шаруашылығының дәстүрлі түрін заманауи технологиялармен ұштастырып, сапалы өнім шығаруды мақсат етеді. Сонымен қатар, бұл жоба ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыруға және жергілікті экономиканың дамуына да өз үлесін қосуда.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен инфрақұрылымдық жұмыстардың сапалы жүргізілуі назарда болу керектігін атап көрсетті. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласын дамытуға басымдық беру арқылы елдегі жұмыссыздық және басқа да әлеуметтік мәселелер шешімін табатынын жеткізді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

24 шілде 2025 ж. 50 0