Жерлесіміз «Шапағат» медалінің иегері

Көз дәрігері өзінің ерекше білімімен шетелді таңғалдырып, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Сингапур, АҚШ, Гонконг елдерінен шақырту алып, бүгінде Канада мен Гонконг елдерінде ғылыми қызметін жалғастыруда. Туған жердің мақтанышы – адамзат тарихында бұрын соңды болмаған екі бағыттың – офтальмология және квантты физика ортасында жасалатын жобамен жұмыс жасауда. Жоба сәтті іске асқанда көздің емделуге келмейтін, соқырлыққа алып келетін бірнеше ауруларды квантты технология арқылы тоқтатуға мүмкіндік болады. Аталған технология қазір осы екі ел ортасында құрастырылуда.
– Ғылыми әлемде шекара жоқ, канадалық ғалымның ойлап тапқан инсулинін қазақстандық қант диабеті бар науқастар да қабылдайды. Сол сияқты, біздің де көздеген нысанымыз әлемдегі барлық макулярлы дегенерациясы, глаукомасы бар науқастарға көмек көрсету. Оның үстіне «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осындай жобаларды бірнеше ел бірге қаржыландырып, қолдау көрсетеді. Жоғарыда аталған топтың ішіне жеті елден келген жеті ғалым кіреді. Атап айтсақ, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Қытай, Ресей, Сербия және Қазақстан елдері. Тағы бір айтарым, әрбір қазақ өз еліне оралып, үйренген тәсілдерін отандастарының пайдасына қолдануға асығады. Сондықтан да қазір кетіп жатқан білікті дәрігерлер бір күні оралып, Қазақстанды көркейтуге атсалысады деп ойлаймын және сенемін, – дейді ғалым өз сұхбатында.
Негізінен, квантты технология құрастырып, көз ауруларын ерте диагностикалау жобасын бастаған ғалымдар тобы жаңа жарық көзінің арқасында көздің торлы қабығын зерттейтін томограф жасап жатыр. Жақсы қорытындылар болғанда, болашақта көзді емдейтін мамандардың пайдалануына беріледі.
Дәрігер көздің саулығын сақтау үшін кез келген адам дәрігерге сырқат болмаса да жылына бір рет көрініп тұрғаны жақсы деп кеңес береді. Дәрігерге қаралғанда, түрлі дәрумен мен жаттығуларды көрсетіп, кешенді күтім әдістерін үйретеді.
Айту керек, Мұхит Құлмағанбетов – аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі. Президенттің қолынан марапат алған ғалымды жарқын жетістігімен құттықтаймыз!
«Тт» ақпарат