Гонконгтағы тереңөзектік дәрігер
Тереңөзектің түлегі Мұхит Құлмағанбетов оқушы кезінен ізденісті серік етіп, білімге құштар болып өсті. Ол бүгінде Гонконгтағы офтальмолог ғалымдармен бірге тарихта бірінші рет кванттық физика мен офтальмологияны біріктіріп, жоба жасап жатыр. Гонконгтағы көз және көру қабілетін зерттеуге арналған орталықта жұмыс істейтін жерлесіміз жақында республикалық «Informburo.kz» ақпараттық порталына сұхбат берді. Сол сұхбат желісі негізінде жерлес ғалымның іргелі ізденістері туралы жергілікті басылымда жазуды жөн көрдік.
Мұхит Құлмағанбетов Ұлыбританиядағы Кардифф университетінің PhD докторанты атанған кезде әлемнің алты елінен жұмысқа шақырту алыпты. Оның бәрі 1998 жылдан бастап, 24 жыл бойы тынбай оқып, ізденуінің нәтижесі болса керек. Тереңөзектің түлегі осы уақыт аралығында жалпы медицина, хирургия, офтальмология, қоғамдық денсаулық сақтау сынды бірнеше салада білім жинап, шетел студенттеріне дәріс берген. Осыған орай «Informburo.kz» тілшісі ауданымыздың тумасы әрі мақтанышы атанған ғалыммен сұхбаттасып, көз аурулары мен емі, медицинадағы тапшы мамандықтар және кванттық офтальмология туралы әңгіме өрбіткен.
Ғалымның айтуынша, бүгінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сай, елімізде барлығы 89 мың адамның көзіне байланысты мүгедектігі бар екен. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғайып келе жатқан көрінеді. Өйткені, адамдардың орташа өмір сүру жасы ұлғайып келе жатыр. Ал жоғарыда аталған аурулардың көбі үлкен жастарда пайда бола бастайды.
«Мысалы, диабеттік ретинопатия – диабеттің асқынуы. Диабеттің екінші типімен көбінесе үлкен кісілер ауырады. Глаукомаға келсек, бір ғалымның: «глаукомамен барлығы ауырады, бірақ барлығы ауыратын жасқа жетпейді» деген сөзі бар. Яғни, жас келген сайын көздің қайтымсыз процестері глаукомаға алып келуі мүмкін. Ал макулярлы дегенерация да – жасқа байланысты ауру. Сондықтан, орташа өмір сүру жасы үлкейгенімен, жас ерекшелігіне байланысты аурулар да көбейеді. Бұл – бірінші себеп.
Екінші себебі – технологияның дамуы. Адамдар бұрынғыдай табиғатта немесе ашық алаңда көп уақыт өткізбейді. Бәріміз технологияларды көп пайдаланамыз және көбіміздің көкжиекке қарайтындай мүмкіндігіміз жоқ. Өйткені, уақытымыздың басым бөлігін ғимараттың ішінде өткіземіз. Сыртқа шыққанда да көшедегі ғимараттар бір-біріне жақын орналасқандықтан, алыс объектілерге қарамаймыз. Сондықтан да жастарда миопия жиі тарап келе жатыр. Жалпы, бұл да бір үлкен проблема. Бірақ, жоғарыда айтқан аурулармен салыстырғанда оның коррекциясы бар. Көзілдірік, линза тағып немесе ота жасап орнына келтіруге болады» дейді Мұхит Құлмағанбетов.
Сұхбатта қазір қандай көз аурулары, патологиялар жиі кездесетіні туралы да айтылған. Дәрігер-офтальмологтар ең жиі кездесетін ауруларды қайтарымды және қайтарымсыз аурулар деп екіге бөледі екен. Қайтарымды аурулардың қазіргі таңда радикалды емі бар. Оны бір операциямен немесе көз тамшысымен емдеуге болады. Қайтарымды офтальмологиялық аурулардың ең жиі тарағаны – катаракта. Оны ота жасау арқылы тезірек алып тастауға болады. Сондай-ақ, миопия – алыстан көру қабілетінің төмендеуі де осы аурулар қатарына жатады. Ол көбінесе жастарда кездеседі. Оны да операциямен түзеуге болады.
«Қайтарымсыз аурулардың емі әлі табылмаған. Олардың қатарында глаукома, диабеттік ретинопатия, макулярлы дегенерация бар. Қазіргі таңда осы үш ауру жиі тараған. Сондықтан оларды әлеуметтік мағынасы үлкен аурулар деп атаймыз. Себебі, осының салдарынан адам көру қабілетін жоғалтып, зағип болып қалуы мүмкін. Ғалымдар емін таба алмай жатыр. Көбінесе ауруды тоқтатуға жұмыс істейміз» дейді ғалым.
Оның айтуынша, қазір ғаламторда көзге арналған жаттығулардың түрі көп. Бірақ ол жаттығулар ауруды толыққанды емдемейді. Көздің шаршауын басуға және миопияның, көздің құрғақ синдромының алдын алуға ғана көмектеседі.
Бүгінде барлық адамдар цифрлық технологияны қолданады. Әсіресе экономикалық тұрғыда белсенді азаматтар ноутбук, компьютер, телефонның мониторына жиі қарайды. Адам экранға қараған кезде қабағын сирек қағатыны дәлелденген. Ал ол кезде көздің беткі қабаты құрғай бастайды екен. Жиі құрғаса, құрғақ көз синдромына алып келеді. Кейін көз ашиды немесе қызарады, арасында өзінен-өзі жас ағатын болады. Оның алдын алу үшін жаттығу жасау керек. Ал көз ауруы асқынған адам ондай жаттығумен көзін емдей алмайды.
Мұхит Құлмағанбетов «Informburo.kz» тілшісіне берген сұхбатында «А», «Д», «Е» дәрумендерінің көзге пайдасы көп екенін атап өткен. Оларды дәрігердің нұсқауынсыз, бірақ қораптың ішіндегі қабылдау жөніндегі нұсқаулықты оқып, қолдануға болады.
«Дәрумен жетіспеушілігін авитаминоз, дәруменнің көп болуын гипервитаминоз дейміз. Гипервитаминоз сирек кездеседі. Оны «Д» дәруменіне қатысты айтады. Өсіп келе жатқан нәрестелер немесе жас балаларға қауіптірек» деп ой түйіндейді дәрігер-офтальмолог. Қазір көпшілікті көзге арналған лазерлік коррекция туралы ақпараттар қызықтырады. Сарапшылар бұл әдісті ең қауіпсіз ем шарасы деп бағалады. Бұл қаншалықты рас? Операциядан кейін көздің көру қабілеті төмендеп кетуі мүмкін бе? Гонкогта еңбек етіп жүрген тереңөзектік дәрігер осы сұрақтардың да жауабын береді.
«Лазерлік коррекция немесе рефракционды операциялар көбінесе қауіпсіз келеді. Өйткені операцияны компьютер қадағалап отырғандықтан, адами факторлар азаяды. Лазерлік операция кезінде көздің қасаң қабық стромасы жұқарады. Оның да қарама-қайшы көрсеткіштері бар. Мысалы көздегі қасаң қабығы жұқа немесе көру қабілеті жылдан жылға төмендеп бара жатқан адамдарға жасауға болмайды. Операция жасардан бұрын 2-3 жыл бойы әр алты ай сайын тексеріліп отырған дұрыс. Егер сол аралықта науқастың алысты көре алуы тұрақты болса, операция жасауға болады. Ал егер ол өсіп кетсе, ота жасауға тыйым салынады» дейді ол.
Осы ретте ғалым көру қабілетін сақтау үшін көз дәрігеріне қаншалықты жиі қаралу керек екенін және не нәрсеге мән беру қажеттігін де түсіндіреді.
«Егер денсаулығыңызға қатысты ешқандай шағым болмаса, офтальмологқа жылына 1-2 рет тексеріліп тұруға болады. Ал көз ауруы ғана емес, диабет, артериялық гипертензия сынды аурулар болса, жиірек қаралған дұрыс. Кейде адамдар офтальмолог арқылы ағзасындағы өзі білмейтін ауруларды тауып алады. Халық «Көз – жанның айнасы» деп бекер айтпайды. Білікті офтальмолог көздің түбіне, көздің жағдайына қарап, адамның басқа да ауруларын анықтай алады. Мысалы қан қысымының көтерілгенін, диабеттің бар-жоғын, нейродегенеративті ауруларды, оның ішінде Альцгеймер, Паркинсон ауруларын көздің түбіндегі симптомдарға қарап анықтауға болады. Сондықтан, офтальмологқа көрініп тұрудың ешқандай зияны жоқ» дейді Мұхит Құлмағанбетов.
Шалғайда жүрген сырдариялық жастың білім алып, тәжірибе жинап, өз пікірімен бөлісуі біз үшін қуанышты жаңалық. Өйткені ол ата-анасы мен ұстаздарының сенімін ақтап, өмірден өз орнын тапты. Жетістігі көп жас ғалым бүгінде мемлекет тарапынан медицина саласына көп қолдау көрсетіліп жатқанына қарамастан қазір операциядан кейін қалпына келтіру бағытында жұмыс істейтін мамандар тапшы екенін жасырмайды. Ол өз сұхбатында жаңа технологияларды пайдаланатын медицина салалары елімізде дамымағанын да атап өткен.
«Қазір елімізде офтальмологтардың ішінде нейрохирургиямен байланысты нейроофтальмолог мамандар жоқ. Жасанды интеллектіні пайдаланып, жаңа технологиямен интеграция жасайтын мамандардың, генетикалық дәрігерлердің де саны аз. Болашақта гендік инженерия, геномды технологиялар арқылы емдейтін мамандар көп болса, медицинада жаңа технологияны пайдаланылып, қиын ауруларды ертерек анықтап, емдеуге мүмкіншілік болады деп ойлаймын. Сонымен қатар студенттер өзінің қалауынан басқа, мемлекеттік тапсырысқа да қарауы керек. Мемлекет сұранысы елдегі аурулардың эпидемиологиясына байланысты ауысып отырады. Мысалы біраз уақыт бұрын елде жүрек-қан тамыры ауруларының саны көбейген кезде кардиология, кардиохирургия мамандарын даярлауға көбірек қаражат бөлініп, кардиохирургтар мен кардиологтар санын біршама реттеп алғанбыз. Енді пандемияға байланысты инфекционистер мен эпидемиологтардың саны көбеюі керек. Сонымен қатар педиатрияға сұраныс көп болуы мүмкін. Өйткені, елімізде бірнеше жыл қатарынан педиатр мамандар дайындалмаған. Болашақта сол олқылықтың орнын толтыру керек болады» дейді ол.
Ашық жүргізілген сұхбатта жерлесіміз бірнеше ел жұмысқа шақырғанымен неліктен Гонконгті таңдағаны туралы да әңгімелейді. Ол ең бірінші шақыруды Сингапур және англиялықтардан алыпты.
«Мен бұрыннан канадалық профессорлармен сөйлесіп жүрдім. Солармен бірге бірнеше қосымша жұмыс істедік. Соңғы бір-екі жылда олар өздеріне шақырғысы келген. Кейін профессорларыма Гонконг үкіметі көз және көру қабілетін зерттеуге арналған орталық ашқалы жатқанын айтып, сол орталыққа мамандар іздеуге тапсырма беріпті. Профессорларым бірден маған ұсыныс жасады. «Біздің командамен бірге Гонконгқа жұмысқа барғың келе ме? Сол жерде үлкен бір жоба жасайын деп жатырмыз» деді. Ұсынысты қабылдауыма, бір жағынан канадалық профессорлардың біліктілігі мен білімділігі себеп болса, екінші жағынан Гонконгтағы қаржыландыру және осы орталықтағы материалды-техникалық жабдықтау әсер етті. Сонымен қатар Гонконг соңғы жылдары техника, инновация, ғылым жағынан да өте қатты қарқынмен дамып келе жатыр, бұл да таңдау жасауыма түрткі болған бір фактор. Дегенмен, жобаның кейбір кезеңдерін Гонконгта, кейбірін Канадада жасаймыз. Осылайша, екі елдің ортасында жүретін жоба болған соң, тек бір елді таңдадым деп айта алмаймын. Егер жобамыз сәтті болып жатса, болашақта «кванттық офтальмология» деген жаңа ғылым түрі пайда болуы мүмкін» дейді Мұхит Құлмағанбетов.
Президент Қ.Тоқаев өткен айда білім саласындағы реформалар мен «Болашақ» бағдарламасына қатысты күрделі өзгерістерді жария етті. Мемлекет басшысы «қазақ жастары технарь болуы керек. Біз «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлаймыз» деді. Осы ретте ғылымға көп көңіл бөлінсе, Мұхит секілді жастар өздерінің білімін, тәжірибесін елдің дамуына, адамдардың денсаулығының жақсаруына арнайтыны сөзсіз. Ендеше Гонконгта еңбек етіп жүрген тереңөзектік дәрігердің жұмысына жеміс тілеп, көз ауруларын емдеуге бағытталған жобасының сәтті аяқталуына тілектестігімізді білдіреміз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ