Сапалы өнім – нық іргетастың бастауы

«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер Азамат Ысқақов бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Аталған бағдарламадан 6 млн несие мақұлданып, құмблок өндірісі үшін құрал-жабдықтар алған. Бастағанына көп уақыт өтпесе де, Қызылорда қаласы, көршілес аудандар мен ауданның елді мекендеріне құрылыс материалы көптеп сатылуда. Мұндай бастамалар тек мемлекеттік қолдаумен жүзеге асатыны анық.
Кәсіптің көзін тауып, бірнеше аудан мен ауыл, аймақты құмблокпен қамтамасыз етіп отырған Азамат Ысқақов аталған бағдарламаның тиімділігі туралы айтып өтті.
– Біз секілді кәсіп бастауға ынта танытып жүрген жас кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігі өте көп. Мемлекет басшысының бастамасына ризашылығымды білдіремін. Қазіргі кезде кәсібіміз алға басып, дамып, өркендеп жатыр. Тапсырыстар күннен-күнге ұлғайып, кейде үлгермей қалатын сәттер де болып тұрады. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, біршама адамды жұмыспен қамту ойда бар, – дейді жас кәсіпкер.
Құрылыс материалын өндіру кәсібі аймақ бойынша көп емес. Бұл бастаманың тез өркендеуі кәсіп иесі мен өндірілетін шикізаттың сапалы болуына байланысты. Шағын кәсіпорын қазіргі уақытта күніне 500 данаға дейін құмблок шығарады. Ал тапсырыс көбейген уақытта қосымша жұмысшылар қабылданып, өндірілетін материал санын арттырады.
Құрылыс материалының құрамына тоқталсақ. Құмблок (шлакоблок) – құрылыстың іргетасын қалау үшін шикізаттан жасалатын жеңіл әрі қолжетімді, сапалы құрылыс материалы. Құрамына құм, цемент, қиыршық тас, керекті химиялық қоспалар қосылады. Аталған заттардың барлығынан берік әрі ыңғайлы, жеңіл құмблок жасап шығарылады. Осы кәсіпті игеріп, сапалы материалмен елді қуантып жүрген жас кәсіпкер – 4 баланың әкесі. Өмірлік жары Салтанат – аудандық аурухананың ақ халатты абзал жаны. Отбасылық тіршілік пен кәсіпті дөңгелетіп отырған Азамат Ысқақов кәсіптегі қызықтарымен бөлісті.
– Бастапқы кезеңде сәл қорқыныш болды. «Қалай болар екен?», «Әрі қарай алып кете аламын ба?» Осындай сұрақтар мазалайтын. Қазір шүкір, бәрі ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Әр тапсырысты жауапкершілікпен орындау – біздің міндетіміз. Мен үшін бірінші кезекте әрдайым сапалы өнім шығарып, халыққа пайдамды тигізу. Әр тұтынушының алғысы – менің жетістігім деп білемін – дейді кәсіп иесі.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ