Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мемлекеттік қолдаудың жемісін көрген наубайханашы

Мемлекеттік қолдаудың жемісін көрген наубайханашы

Ауданда, оның ішінде ауданнан шалғай орналасқан елді мекендерде, адал еңбекті ту етіп, алдына айқын мақсат қойғандар шағын кәсіптен-ақ көктеп, ілгерілеп отыр. Соның бірі – Гүлмира Өсербайқызы. Ол ауданға қарасты Бесарық ауылында сұранысқа ие «Балауса» наубайхана өнімдері кәсібін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкер.

Гүлмира Смағұлова негізінде Шиелінің тумасы. Жас кәсіпкердің негізгі мамандығы – фармацевт. Ауыл халқының табысын арттыру, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» бағ­дарламасының қолдауы Гүлмираның арманын жүзеге асырды. Жеке кәсіпкер 2024 жылы «Ауыл аманаты» мем­ле­кеттік бағдарламасына қатысуға өтінім беріп, СПК-Байқоңырдан жеңілдетілген 2,5 пайызбен 7 миллион тең­ге несие алды. Осы қаражатқа кәсіпкер Бесарық ауылында екі адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, наубайхананы іске қосқан болатын. Бүгінде наубайхана тұрақты түрде өз жұмысын жалғастыруда. Ауыл тұрғындары «өнімдердің сапасы жоғары әрі дәмі тіл үйіреді» деп жақсы бағалауда. Наубайханада қазіргі нарықта сұранысқа ие нан өнім­дерінің барлығы қамтылған. Жеке кәсіпкер жұмыс барысында барлық технологиялық талапты сақтай отырып, өнім сапасын түсіретін, тұтынушы талаптарына қайшы асығыс қарекеттерге жол берілмейтіндігін алға тартады. Наубайхана таңғы сағат 7-ден бастап кешкі 8-ге дейін үзіліссіз аптаның жеті күнінде де жұмыс істейді. Сонымен қоса түнгі және күндізгі ауысым қарастырылған.

– Жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі – мемлекет жасап отырған жақсы қолдау. Кім еңбекті жақсы көрсе, оған қашан да жанына жайлы жұмыс табылады. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілер көмек көп. Оны тек тиімді түрде пайдалану қажет. Көпшілігі «наубайхана жұмысы ауыр ғой» деп жатады. Алайда несібе өздігінен келе бермейді. Тура жүріп, адал еңбек етсең ғана түбі қайтарымы болады. Кәсіп бастауға негізгі себептің бірі – ауыл дүкендерінде көбінесе нан болмай қалатын. Бұл әрі берекесі мол кәсіп. Қазақ «Ас атасы – нан» деп бекер айтпаса керек-ті. Сондықтан өз ісімді қасиетті ас наннан бастауды жөн көрдім. Екіншіден, қай өнімнің де сапасы дұрыс болса ғана сұраныс тоқтамайды. Мен мұны анық түсіндім, – дейді жеке кәсіпкер.

Мемлекеттік қолдаудың игілігін көрген Гүлмира Өсербайқызы кәсібімен қатар берекелі шаңырақтың түтінін түтетіп отырған көпбалалы ана. Кәсіпкердің айтуынша оның осы кәсіпті бастап, дөңгелетуіне мүмкіндік жасап, себепкер болып отырған отбасының қолдауының арқасында. Осы орайда кейіпкеріміз өзінің жақындарына, қолдаушылары ата-енесіне және жұбайына үлкен алғысын білдіреді. Кейіпкеріміздің кенжесі небәрі 9 айлық. Соған қарамастан декреттік демалыста отырып, айлық нәрестесімен берекелі кәсіптің көзін тапқан кейіпкеріміздің жұмысы көпке үлгі болары анық.

Қазір цехта бөлке нан, қара нан, батон, тәтті тоқаштар, бәліш, торт, самса секілді өнімдердің бірнеше түрін шығаруда. Одан бөлек кондитерлік және жартылай дайын өнімдерді де дайындайды. Наубайхана өнім дайындауға қажетті барлық заманға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жас кәсіпкер бұл саланы алдымен үйде өзі нан пісіруден бастаған. Кейіннен тапсырыс көбейген соң наубайхана ашуды мақсат етеді. Сапасына сақтықпен қарайтын кәсіпкердің ендігі мақсаты – алдағы уақытта өндіріс орнын кеңейтіп, жұмыссыз жас­тарды жұмыспен қамту. Бүгінде жеке кәсіпкер Гүлмира Өсербайқызы ісіне береке дарып, бүкіл ауыл тұрғындарын түрлі нан өнімдерімен қамтып отыр.Бұдан бөлек ауылдың 3 дүкеніне бөлке нан күнделікті өткізіледі. Сондай-ақ той-томалаққа, жиынға, құдайы тойларға үлкен көлемде тапсырыс қабылдайды. Өз кезегінде нарыққа жаңадан қосылған наубайхана сапалы өнімдермен қуанта берсін демекпіз.

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
05 қараша 2024 ж. 195 0