Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Пазылбектің өнімі

Пазылбектің өнімі

Бүгінде Сырдария ауданы үлкен құрылыс алаңына айналды. Жаңадан бой көтерген ғимараттарға көз сүйсінеді. Жергілікті тұрғындар да жаңа тұрғын үй салуды көптеп қолға алуда. Осындайда заманауи құрылыс заттары ауадай қажет. Құрылыста пайдаланатын заттың небір түрін таңдауға да мүмкіндік бар.

Дегенмен сапасы күмән келтіретін затты пайдалану адам өмірі үшін қауіпті болатыны анық. Сондықтан шетелден келетін құрылыс заттарынан гөрі, отандық өнімді қолдану әлдеқайда тиімді. Осы қағиданы ескерген шіркейлілік кәсіпкер Пазылбек Әбіш соңғы екі жылдан бері тың кәсіптің көзін та­уып, ғимараттың сыртын қаптайтын жабынды – термопанель, фибробетон шығаруды қолға алды.

Жаңа ғимаратқа ғана емес, ескі тұрғын үйдің де әрін келтіретін қасбеттің сапасы ондаған жылдарға жетеді. Қазіргі таңда талшықты бетоннан қасбет жасаудың шебері атанған кәсіпкердің шығарған өнімін алушылардың да қатары көп. Шағын ауыл­да отырып, заманауи құрылыс затын шығаруды меңгерген Пазылбек Тынысбекұлы мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнестен табыс тауып отыр.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Іскер» бағдарламасымен 4 млн қаржыны төменгі пайызбен алған кәсіпкер «Нұрбибі» жеке кәсіпкерлігін құрды. Арнайы шағын цехта талшықты бетоннан жасалған жабынды панель өндіретін кәсіпкер өндіріске қажетті барлық құрал-жабдықты сатып алған. Өндіріске қажетті бетон араластырғыш құрал, діріл үстелі, панельге арналған қалыптар, ауа үрлегіш үлкен және кіші құралы арқылы күнделікті 20 шаршы метрдей фибрабетон шығарады. Бір адамды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкердің арнайы құрылыс бригадасы бар. Бригада жұмысшылары термопанельмен жабынды жасалған соң, оны тапсырыс берушінің қалауымен түрлі түске бояп береді.

– Құрылыс заттары қай кезде де сұранысқа ие. Жыл сайын ауылдың өзінде қаншама жаңа тұрғын үй бой көтереді. Ауданның өзінен термопанельге тапсырыс берушілердің қатары көп. Ең алдымен бұл кәсіпті қолға алмас бұрын, көп іздендім, зерттедім. Алматы қаласындағы «Қазфасад» ЖШС-де бір аптадай оқыдым, тәжірибе жинадым. Қазіргі кезде өнімді сапалы етіп шығару басты мақсатым, ол үшін фибрабетонды құйғанымызда қалыңдығын 1,8 мм-ден кем етпейміз, арасына мықты болу үшін темірден сым саламыз. Шикізатты тас, цемент шығаратын Шиелідегі зауыттан алдырамын, – дейді кәсіптің қыр-сырын меңгерген Пазылбек Тынысбекұлы.

Бір емес, екі жоғары білімі бар кәсіпкердің негізгі мамандығы – жол қозғалысын ұйымдастырушы, екінші мамандығы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Мемлекеттік мекемеден жұмыс таппаған маман өзін-өзі жұмыспен қамтып қана қоймай, «Күміс жас» жобасы бойынша ауыл тұрғыны Марданбек Қожариповке жұмыс беріп отыр. Әзірге шағын цехтағы жұмыс екеуіне жеткілікті. Алдағы уақытта цехты кеңейтуге мүмкіндік болса, мемлекеттік қолдаудың игілігін көрсе, өндірістің көлемін арттыруды мақсат етуде.

Кәсіпкердің айтуынша, тұрғын үйді пеноплекс­пен қаптап, оның сыртын немен жабатынын білмей әбігерге түсіп жүргендерге бұл өнім таптырмас құрылыс заты. Әрі сәнді, әрі сапалы болып келетін термопанель қайта жөндеуді қажет етпейді. Отандық өндірісті қолға алғаннан бастап Қызылорда қаласынан – 15, Шағаннан – 8, Шіркейліден – 11, Тереңөзектен – 10, Аманкелді, Қоғалыкөл, Нағи Ілиясов, көрші Жалағаш ауданынан бірнеше үйдің жабындысын дайындап берген кәсіпкердің еңбегіне тапсырыс берушілер дән риза. Шаршы метрін 2500 теңгеден құятын кәсіпкер жоғарыда айтып өткеніміздей, күніне 20 шаршы метрге дейін жететін термопанель дайындайды.

Ауыл кәсіпкері бүгінде жұбайы Лаурамен Нұрбибі есімді қыз баланы тәрбиелеп өсіруде. Үйінде қолдаушысы әрі тілеуқоры 82 жастағы қарт әкесі Тынысбек аға бар. Анасы Дариха осыдан 15 жыл бұрын бақилық болған. Сегіз ағайындының кенжесі Пазылбек еңбексүйгіштігінің арқасында кәсіппен айналысып, табыс тауып отыр. Туған елді түлетуге, әрбір отбасының тұрғын үйінің сәнді болуына атсалысып жүрген кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілейміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ

14 маусым 2025 ж. 310 0