Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өндірісте шіркейлілік кәсіпкерлер белсенді

Өндірісте шіркейлілік кәсіпкерлер белсенді

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Шіркейлі ауылына барып, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.


Алдымен, аудан басшысы елді мекендегі талшықты бетоннан жасалған жабынды панельдерді өндіріп жатқан жеке кәсіпкер жұмысын көрді. Бұл кәсіппен шіркейлілік Пазылбек Әбіш айналысуда.


Ол өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның «Іскер» бағдарламасы бойынша 6 пайызбен 4 млн. теңге несиемен өз кәсібін бастаған. Жеңілдетілген несиеге бетон араластырғыш, панельдерге арналған қалыптар, ауа үрлегіш құралдар алып, кәсібін дөңгелетуде. Кәсіп иесі қазіргі таңда 2 адамды жұмыспен қамтып отырғанын және тапсырыс көптеп түсуде екенін жеткізді.

Мұнан соң аудан әкімі Шіркейлідегі сабын шығару цехы жұмысымен де танысты. Жас кәсіпкер Бексұлтан Сайлаубеков өз қаражаты есебінен кір сабын өндіретін шағын цех ашуға 1,5 млн. теңге қаржы жұмсаған. Бүгінде шағын цехта тәулігіне 1000-ға жуық «Самға» сабыны өндірілуде. Жас кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтуге мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алуға ниетті екенін айтты.
Берік Әбдіғаппарұлы кәсіпкерлерге шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруді, оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндіктері бар екенін атап көрсетті. Осы бағытта жұмыс жасауды тиісті сала басшысына тапсырды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
13 маусым 2024 ж. 154 0