Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Зұлмат заман жаңғырығы

Зұлмат заман жаңғырығы

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы Жарлықпен бекітілді.Тарихи деректер бойынша Қазақс­танда 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Ты­ныш­баев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жан­сүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Саяси құрбандар лагерьлерге жіберіліп отырды. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» лагерінде азапталды.

1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заң қабылданған болатын. Соның нәтижесінде, жазықсыз жала жабыл­ғандар ақталды. Ақтау шара­лары әлі де жалғасып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз жа­зықсыз жа­за­­лан­­ған­дардың әрқайсысын есте сақ­тау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», – деген болатын. Халықтың басына сор боп жа­бысқан ашаршылық, нәубет жыл­дары адамзатты қынадай қыр­ды. Ресми дерек бо­йынша ашар­шылық алғаш рет 1929 жылы келсе, 1932 жылы қайталанған. Алғашқы жылдардың өзінде мил­лиондаған халық қаза тапса, екінші нәубетте одан да көп халық аштықтан көз жұмған. Қолдан жасал­ған нәубет кезінде шекара асып, босқындыққа ұшырағандар қаншама. Ұлан байтақ жерді мекен еткен халықтың малы мен мүлкі тәркіленді. Үкіметтің қатаң заңы ешкімді аямады. Жазықсыз жапа шеккен зиялы қауым қуғынға ұшырап, ату жазасына кесілгені туралы мәліметтер тарихта қаттаулы тұр.

– Шын мәнінде сол жылдары нәубетке шар­пылмаған, аштық тауқыметін тартпаған жан қалмады. Кейбір ұлт жоқ боп кету алдында тұрды десек, артық айтқандық болмас. Мұның барлығы – сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық сая­сатының қолдан жасаған зұл­маты еді.

Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат бүгінде бейбіт күннің қадірін біледі. Ата-бабаларымыз көрген сұмдықты енді ұрпағымыздың көрмеуін тілейді. Қаншама ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астына сыйғызған ұлы халық – қазақ халқына айтар алғысым шексіз. Өлімнен құтқару үшін бір үзім нанды үзіп берген кең пейіл, дархан елге өле-өлгенше ризашылығымызды білдіреміз, – дейді корей ұлтының өкілі Татьяна Шин.


Ауданда қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы бойынша «Сырдария ауда­нындағы саяси қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау мәселелері жөніндегі зерделеу жұмыстарын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Терең­өзек жастары» қоғамдық қоры мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі жұмысшы топ біршама жұмыс атқарды. Арнайы шығарылған кітапшада: «1930-1932 жылдардағы ашаршылық, ел санасына терең жара салған кеңестік дәуірде, толық жабық тақырып болғаны баршамызға аян. Аштық пен қуғын-сүргін зұлматы, көшпенді жұртты қынадай қырып салды. Сол зұлмат тырнағынан еш қазақ әулиеті аман құтыла алған жоқ. Қазақ елін үш дүркін соққан дауылдай аштық апаты 4,5 милионнан астам жанды опат еткен-ді», деп жазылған.


Иә, ел ішінде осы ашаршылық өткен уақыттан бері, бұл жайында жазып қалдыру не өзгеге айтуға қатал түрде тыйым салынды. Сол кезең билігінің қитұрқы саясатына малданып, өз халқының қынадай қырылуына себепкер болған, сауатсыз ұрда-жық әпербақан өз елінен шыққан белсенділер еді. «Өзіңнен шыққан жау жаман» демекші, сол белсенділер елге келе жатыр дегенде «жылаған бала, жылауын қояды» екен.


Олардың соншалықты қатыгездігі – ашыққан халықтың соңғы дәнін, үй ішіне тыққанын да істікпен піскілеп тауып, еккен қауынның тұқымы мен кептірген балықтың сүйектерін де сыпырып алған. Осылайша, халықтың қырылуына себепші болған. Халықтың оларға деген жеккөрушілігімен қатар ашу-ызасын да туғызды. Сол заманның тірі куәгері бүгінде жүзден асқан Яхия Тасыров естелігінде былай делінеді:

«Мен ашаршылық елде белең алған кезеңде өмір сүрген жанның бірімін. 1925 жылы Қараөзек дариясының арғы беткі жағалауында дүниеге келіп, 8 жасымда әке-шешеден айырылып, туыстарым мені Ташкентке алып кетті. Аштықтың ажал тырнағынан осылай құтылғанмын. Мен бала кезімде ауылдағы ойын балаларымен бірге, үлкендердің өздері белсенділерге айта алмайтынын бізге жаттатып, белсенді келе жатқанда,
Ей, белсенді, белсенді,
Көтере берме еңсеңді.
Ай жарылқап, күн туса,
Кесерміз сонда желкеңді.
деп бәріміз жарыса айтып қашып құтылатынбыз», деп айтады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – жас ұрпақ бойына отаншылдық сезімін ұялатуға, тарихтың «ақтаңдақ беттерін» зерделей отырып, өшкенді жаңғырту, қоғамдық жүйені парасаттылық тұрғысынан пайымдау үлгілерін та­нытуға мүмкіндік береді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
31 мамыр 2025 ж. 94 0