ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҮСІНІК БЕРІЛДІ
Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту ең өзекті мәселе. Өйткені ШОБ экономиканың қозғаушы күші. Биылғы жыл аймағымыз бойынша кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланғаны да сондықтан.
Ауданда кәсіпкерлікті дамыту және көлеңкелі экономиканың алдын-алуға байланысты аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өткізілді. Келелі бас қосуға аудандық сот төрағасы А.Абдулла, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің орталық аймағы бойынша ауданаралық басқарма басшысы Қ.Рахметов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ш.Нұрсейітов және басқарма қызметкерлері қатысты.
Басқарма басшысы М.Абдыхалықов ұжымның биылғы жылдың бес айын жақсы көрсеткіштермен, табысты қорытындылағанын айта келе жұмыс барысында кездесіп отырған кедергілерге де тоқталды. Елбасының кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі саясатын қолдап, адал еңбек, маңдай термен өнім өндіруді жақсы жолға қойып, ауданның экономикасын өркендетуге білек сыбана кіріскен кәсіпкерлердің ауданда мол екендігі айтылды. Дегенмен бес саусақ бірдей емес. Бірді-екілі кәсіпкерлер алкоголь өнімдерін лицензиясыз сатып, көлеңкелі экономикаға жол беріп отырған деректерде кездеседі. Басқармада еңбек ететіндердің барлығы дерлік мемлекеттік қызметкерлер. Сондықтан олар көлеңкелі экономикамен күрескенде барынша сауаттылық танытулары керек екендігін атап өтті дөңгелек үстелге қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайтарған аудандық сот төрағасы. Сондай-ақ даулы жағдайда видеоқондырғылар қолданудың материалға дәйек болатынын айтты. Дөңгелек үстел барысында Қ.Рахметов, Ш.Нұрсейітов қоғам кеселі сыбайлас жемқорлықтан сақтанудың жолдары туралы әңгімеледі.
Кездесуді қорытындылаған М.Абдыхалықов маңызды іс барысында кездесіп отырған кедергілерді жоюға кеңінен құқықтық түсінік алғандарын айтып, кездесуге қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ