Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАСТАМАЛАР ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН

БАСТАМАЛАР ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН


Елбасының 5 наурыз күні жарияланған «Бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі ауданның еңбек ұжымдарында кеңінен насихатталып, көпшілік тарапынан үлкен қолдау табуда.

Ауданның қазынашылық басқармасы аталмыш маңызды тақырыпқа дөңгелек үстел өткізді. Басқосуды басқарма басшысы З.Рахымшаева ашып, жүргізді. - «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені ол ел тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, өмір сүру ұзақтығын арттырады. Сонымен қатар Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары біздің саламыздың ілгері басуына игі ықпал етіп отыр. 2014 жылдан бері электронды жүйе арқылы жұмыс жасаймыз. Бұл қоғамның қауіпті кеселі сыбайлас жемқорлықты болдырмауға ықпал етеді. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасы бойынша халқы 2000-нан асатын ауылдық округтердің бюджеті 2018 жылдан өздерінде болады. Оған 2017 жылдың қыркүйегінен бастап, дайындық жұмыстары жүргізілді. Біздің тарапымыздан осы маңызды жұмысқа есепшілер дайындадық. Басқа да көмектер көрсетілді. Біз қазіргі таңда екінші деңгейлі банктерге бюджеттің атқарылуына қазынашылық қызмет көрсетіп, түскен қаражатты тексеріп, мақсатты пайдаланылуын қадағалаймыз, - деді Зағира Байқоңырқызы.
Кездесуде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ш.Нұрсейітов Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік бастамалары әрбір отбасына қажетті барлық құндылықтарды қамтитынын, өз табысына сай баспана алудың қолжетімді болатынын, сондай-ақ салық жүктемесін төмендету арқылы еңбекақы төлеуді арттыруға, сұранысқа ие жақсы білім алу үшін мүмкіндіктерді молайтуға, кәсіпкерлікті дамытудың әлеуетін өсіруге және елді мекендерді газдандыру есебінен өмір сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар биыл аймағымыз бойынша кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланғанын, бұл Елбасы Үндеуін жүзеге асыруға игі ықпал ететінін жеткізді. Сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу үшін қоғамдық санада қауіпті кеселге төзбестікті қалыптастырудың маңызы зор екендігіне баса назар аударды.
Дөңгелек үстелде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов Елбасының «Бес әлеуметтік бастамалары» Үндеуіне жан-жақты тоқталып, ауданда жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде айтып өтті.
Кездесу соңында оған қатысушылар өзара пікір алмасты.

Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ
20 наурыз 2018 ж. 1 440 0