Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаптаудың алдын алу профилактикасы

Азаптаудың алдын алу профилактикасы

Біздің еліміздегі мемлекеттік аппараттың қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген қағидалардың негізінде құрылған. Мемлекетіміздің негізгі заңы барлық мемлекеттік органдар мен лауазымдарға жоғары талап қойып, оларды заңдылықты сақтай отырып қоғамдық тәртіп пен мүдделерді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге міндеттейді.

Қылмыстарды ашу және тергеп-тексеру бойынша өз міндеттерін нәтижелі іске асыруда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін тұлғаға үлкен өкілеттілік берілген.

Бірақта заң берілген құқықтар мен билік тек қызмет және заңдылықты нығайту мүддесінде ғана қолдануды талап етеді.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қолданылатын азаптаулар және қатыгездікті құқық қолдану практикасындағы күрделі мәселелердің бірі деп есептеуге болады.

Тергеуші және анықтау жүргізуші тұлға, басқа лауазым немесе оның азғыруымен не үнсіз келісуі арқылы басқа адам тарапынан азапталушыдан не басқа адамнан мағлұмат алу немесе кінәсін мойындату мақсатында қасақана тәндік және (немесе) психикалық азап келтірілгенде, осы және басқа да кемсітушілікке негізделген іс-қимылдар үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.  

Баршамызға белгілі, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында азаптауға байланысты қылмыстарды тергеп-тексеруде жүйелі тәсілді енгізіп және осы функцияны Бас прокуратураға бекіту туралы тапсырма берді.

Қазақстан азаптауларға нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады және бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда.

Атап айтқанда азаптауларға байланысты қылмыстар үшін жазаны күшейтетін заң қабылданды.

Бас бостандығынан айырудың ең ұзақ мерзімі 10 жылдан 12 жылға дейін ұзартылды.

Рақымшылық, ескіру мерзімі және тараптардың өкінуі мен татуласуы негізінде азаптаулар үшін қылмыстық жауаптылықтан босату жойылды.

Түзеу мекемелерінде және қылмыстық қудалау органдарында үздіксіз бейнебақылау енгізілуде. Көп жағдайларда бұл қылмыстар жасырын, жабық және оқшауланған жерлерде жасалады.

Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияның (БҰҰ Бас Ассамблеясының 1984 жылғы 10 желтоқсандағы 39/46 Қарарымен қабылданды) 1-бабының 1-бөлігіне сәйкес «азаптау» анықтамасы қандай да бір адамға одан немесе үшінші адамнан мәлімет немесе мойындау алу, ол немесе үшінші адам жасаған немесе жасағанына сезік келтірілген әрекетіне оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшінші адамды қорқыту немесе мәжбүрлеу үшін дене немесе адамгершілік зақымдары немесе азап шегуі қасақана жасалатын немесе кез-келген сипаттағы кемсітушілікке негізделген кез-келген себеп бойынша мұндай зақымды немесе азап шегуді мемлекеттік лауазымды тұлғамен немесе ресми түрдегі басқа да адаммен немесе олардың азғырушылығы немесе олардың келісімімен немесе үнсіз келісу бойынша келтірілетін кез-келген іс-әрекетті білдіреді.  

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабының 1-бөлігіне сәйкес азаптаулар - тергеушiнiң, анықтауды жүзеге асыратын адамның немесе өзге де лауазымды адамның не олардың айдап салуымен не олар біле тұрып немесе олардың үнсіз келісімімен басқа адамның азапталушыдан немесе басқа адамнан мәлiметтер алу немесе мойындату не ол немесе басқа адам жасаған немесе жасады деп күдiк келтірілген әрекет үшiн оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшiншi тұлғаны қорқыту немесе мәжбүрлеу мақсатымен немесе кез келген сипаттағы кемсiтуге негiзделген кез келген себеп бойынша қасақана тән зардабын және (немесе) психикалық зардап шектiруi.

Аталған мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін ескере келе, тергеудің заңсыз әдістерін жоюдың маңызы зор.

Осы бағытта жергілікті полиция бөлімінің ғимараты үзілмейтін бейнебақылаумен қамтылып, кез-келген азаптау фактілері прокуратураның назарында екенін, заңға қайшы іс-әрекеттер үшін көзделген жауаптылықтан жалтарудың жолы кесілгенін атап өткен жөн.

Қылмыстық заңнамаларда көзделген тәртіпті қатаң сақтай отыра, әрбір азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету – барлық құқық қорғау және өзге де органдар үшін басты міндеттердің бірі.

Ғ. Дүйсенбаев, Сырдария ауданы
 прокурорының орынбасары 
әділет кеңесшісі
Фото: Н.Нұржаубай
22 мамыр 2025 ж. 44 0