Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әуезбек Дүйсенбаевты зейнет демалысына шығарып салды

Әуезбек Дүйсенбаевты зейнет демалысына шығарып салды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кадрлық өзгерістерге байланысты жиын өткізді. Басқосуға қала, аудан әкімдері, облыстық басқарма, департамент басшылары қатысты.

Аймақ басшысы 2015 жылдан бері Қызылорда облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы лауазымын атқарып келген Әуезбек Сейткамалұлы Дүйсенбаевты зейнет жасына жетуіне байланысты еңбек демалысына шығарып салды.

«Әуезбек Сейткамалұлы еңбек жолын Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде маман болып бастап, әр жылдары түрлі басшылық лауазымда қызмет етті. Әріптесіміздің кәсіби біліктілігі, азаматтық ұстанымы жас мамандарға үлгі болды. Басшылық қызметте республикалық, облыстық бюджеттің атқарылуын, кассалық қызмет көрсету тәртібін, мемлекеттік мекемелердің бюджеттік түсімдерінің кедергісіз жүргізілуін қамтамасыз етті.

Қай кезде де уақытпен санаспай, мереке, демалыс күндеріне қарамастан, ұжымымен бірге қызмет етіп, бюджет қаржысының уақытылы игерілуіне өз үлесін қосты. Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы еңбегіңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз. Бейнеттің зейнетін көре беріңіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз!» – деді Н.Нәлібаев.

Әуезбек Дүйсенбаев Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік салық инспекциясы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы, Оңтүстік аймақ бойынша аймақаралық салық комитеті төрағасының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша салық департаментінің басқарма басшысы, департамент басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

14 мамыр 2025 ж. 114 0