Мега жобаның облыстық кезеңі аяқталды
Осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған «Мен Қазақпын» мега жобасының облыстық іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Айдынды Аралдан, қарт Қаратау бөктеріндегі Жаңақорған ауданына дейінгі өнер жүйріктері сынға түскен додада кімнің мерейі үстем болды екен?
Сыр бойы - өнер кеніші. Жүз шайырды түлеткен қасиетті өлке. Бергісі ән еркесі Нартай мен бабы бөлек Байкенжеевтің сиқырлы сазы бар мұнда. Ал мега жобаның төңірегіне топтасқан бұл жастар сол саралардың сарқыты, тектілердің тұяғы. Осалы жоқ. Дайындығы нық. Бәрі де әр ауданның үкілеп қосқан үміттері. Әйтсе де келесі кезеңге бабы мен бағы қатар шапқан үш-ақ үміткер жолдама алады. Мұхаммедәлі Бекпейіс бала күнінен жыр жақұттың қазанында қайнаған өнерпаз. Шыбықтайынан шыңдалғандықтан салмақты өнердің жүгін көтеріп жүр. Нартай мұрасын нақышына сай насихаттаушы. Сырнайымен дүниенің сырын сазды әуенге сыйғызған өнер дүлдүлінің ізбасары жобада ерекше өнер көрсетті.
«Мен Қазақпын!». Тақырыбы түстеп тұрғандай мега жобаның төңірегіне топтасқан әрбір өнерпаз осы атқа лайық болуға тырысты. Себебі облыстық кезеңге сайдың тасындай 25 үміткер іріктелген. Әлбетте, Сыр елі дегенде бірден ойға оралатыны сөз құнын құнттаған сүлейлер өлкесі екені. Десе де мәртебелі жоба аясында қазақтың қара домбырасымен күй шалдырып, көп ықыласына бөленген өнерпаздар да болды.
Бүгінде жаһандану жаңғырығына еліткен жобалар көп. Бірінің берері бар, енді бірі берекені қашырып, беделімізді пәс етіп жүргенін жасырын емес. Ал ұлттық арна ұйытқы болған «Мен қазақпын» мега жобасының бағыты байыпты, өнегесі өлшеусіз. Себебі байқау ауыл-аймақтан бастау алып, танылмай жүрген таланттарға жол ашады. Тәжірибе тұрғысында толысуына мүмкіндік береді. Топқа түскен тұлпардай кіл жүйрік сыналған өнер аламанында әділ қазылар алқасының ұйғарымымен Мұхаммедәлі Бекпейіс дәстүрлі ән жанры бойынша озық шықты. Көне сарынды көмейімен тірілтіп, кемел ойды жеткізе білген Күнсұлу Түрікпен жыр-терме жанры бойынша келесі кезеңге жолдама алды. Ал күйшілер арасында озық өнерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Әділбек Тәшімовтың мерейі үстем болды. Енді аталмыш өнерпаздар жобаның ақтық кезеңінде Сыр бойының намысын қорғайтын болады.
Осылайша қастерлі құндылықты құнттауға негізделген мега жобаның облыстық кезеңі мәресіне жетті. Озық шыққан үш өнерпаз ақтық кезеңде Сыр өңірінің өнерін өрістетеді деген сенім мол.
Елжас Әбділда,
Qyzylorda телеарнасы