Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Робототехника: қазақстандық оқушылар Панамада төрт дүркін әлем чемпионы атанды

Робототехника: қазақстандық оқушылар Панамада төрт дүркін әлем чемпионы атанды

Қазақстан оқушыларының робототехникадан Ұлттық құрамасы Панама-Ситиде өткен FIRST Global Challenge (FGC) 2025 Бүкіләлемдік Олимпиадасында биыл қатарынан төртінші жыл айрықша жеңіске жетіп, тағы да тарихи жетістікке қол жеткізді. KAZINFORM

ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлемнің 190 елінен келген командалардың ішінен қазақстандық оқушылар бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар олар бірден екі жоғары марапатты жеңіп алды. Ол роботтардың біліктілік ойындарында рекорд орнатқан абсолютті чемпиондарға берілетін турнирдің бас жүлдесі - GRAND CHALLENGE AWARD (алтын). 

Ал ALBERT EINSTEIN AWARD (алтын) - Үздік инженерлік әзірлемелері, техникалық шеберліктері мен командалық жұмыс және көшбасшылық жетістіктері үшін берілетін жоғарғы төрешілік марапат. Бұл марапатта кешенді артықшылық пен инновация ескеріледі.

Еліміздің құрамасын NIS Алматы-Медеу мектебінің 9-10 сынып оқушылары Рашат Досымжан, Дәулет Ілияс, Орынбасаров Әлихан, Әсетұлы Мадияр және Тұрсынбаев Нұрасыл таныстырды. Жаттықтырушылары – Нұрдәулет Досмағамбет, Асылбек Мұрзахметов және Дулат Байтүленов.

Бүкіләлемдік чемпионатта қатарынан төрт рет жеңіске жету (Женева-2022, Сингапур-2023, Грекия-2024, Панама-2025) Қазақстанды халықаралық STEM-білім беру аренасындағы абсолютті әлемдік көшбасшыға айналдырады.

«Біздің балаларымыз төртінші рет қатарынан жеңіске жетті. Бұл ретте, команданың құрамы бірде-бір рет қайталанбағанын атап өткен жөн – жыл сайын ел намысын қорғау үшін жаңа қатысушыларды дайындаймыз», – деді USTEM Foundation Қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мырзахметов.

Еске сала кетейік, биылғы жарыстың «Eco-Equilibrium» тақырыбы жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге және биоәртүрлілікті сақтауға арналған болатын. Қазақстандық команда роботты әзірлеу арқылы экожүйелерді қалпына келтіруге ерекше көзқарас танытты. Олардың роботы ойын алаңындағы кедергілерді алып тастап, биоәртүрлілік бірліктерін экожүйелерге дәл орналастыратын күрделі финалдық тапсырманы сәтті орындап шықты.

Ұлттық құраманы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО, «USTEM Foundation» ҚҚ, Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығы, сондай-ақ қазақстандық Cannect.AI стартапы қолдағанын атап өткен жөн.

Осыған дейін қазақстандық оқушылардың FIRST GLOBAL әлемдік робототехника олимпиадасына қатысып жатқаны туралы жаздық.



Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

https://kaz.inform.kz/news/kazakstandik-okushilar-panamada-otken-robototehnika-chempionatinda-tort-durkn-alem-chempioni-atandi-237341/
02 қараша 2025 ж. 1 021 0