Жас буынның майдангерге құрметі

Сұм майданды басынан өткеріп, қиыншылық заманды еңсеріп, ғасыр жасаған майдангеріміз Яхия Тасыров бүгінгі таңда 103 жаста. Кішкентай балдырғандар көптің көзін көрген қариядан батасын алып, ерекше көңіл-күйге бөленді. Өскелең ұрпаққа тағылымды өмірімен, ғибратты сөздерімен аталық өсиетін айтып, сұрапыл соғыстың залалын әңгімелеп берді. Бүлдіршіндердің ішінен ерегі суырылып шығып, «Ата, сіз неше жастасыз?» деп сұрағаны ақсақалдың еріксіз жымиюына себепкер болды. Ардагердің шаңырағындағы басқосуда оқушылардың сынып жетекшісі майдангерді мерекемен құттықтады.
– Сізді Ұлы Жеңістің 80 жыл толу мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Осы бейбітшілік заманда, мыңдаған ер-азаматтың маңдай тері мен қаны жатыр. Болашақ пен жарқын өмірді сыйлағандарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Біз сізді қай кезде де мақтан тұтамыз. Осы өскелең ұрпақ сіздің майдан даласында көрсеткен ерлігіңізді ешқашан ұмытпайды. Айтулы мерекенің қарсаңында құтты шаңырағыңызға келіп құттықтауды жөн көрдік. Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматы мен бүлдіршіні сіздің жанқияр ерлігіңізді әрдайым жадында сақтайды. Сіздің берген ақылыңыз бен ақ батаңыз оқушыларға жол бастаушы болмақ, – деді бастауыш сынып мұғалімі Махаббат Сайымова.
Өз кезегінде ҰОС ардагері Яхия Тасыров оқушыларға алғысын айтты.
– Айналайын, жасаған бергендер! Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап келгендеріңе алғыс айтамын. Біздің көрген заманды сендер көрмеңдер. Тек бейбітшілік заманда тату-тәтті жүре беріңдер. Бірің өссеңдер, екіншің қызғанбаңдар, артынан жүріп отырыңдар. Жүрген жерлеріңде мейірім мен шапағатыңды төге біліңдер. Болашақ сендердің қолдарыңда. Тек ашық аспанның астында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге жүріңдер. Бүгінгі шаңырағыма келген әр бүлдіршінге ақ батамды бердім. Оқуда үздік болып, ата-аналарыңның көзқуанышы болып жүре беріңдер, – деді майдангер, ғасыр адамы.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ