Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыс ардагерінің батасын алды

Соғыс ардагерінің батасын алды

№131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектебінің оқушылары Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровқа сәлем беріп, майдангердің ақ батасын алды. Оқушылар қаһарман тұлғаға Жеңіс туралы тақпақ пен әндер айтып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, сый-сияпаттарын табыс етті.

Мерейлі мереке қарсаңында ұйым­дастырылған тағылымы мол іс-шарада майдангер Я.Тасыров жас ұрпаққа аталық өсиеттерін айтып, майдан даласында көрген қиын­дық­­тары тура­лы әңгімелеп берді. Оқушылар жүз жастағы жау­ын­­­­­­­­герге түрлі сұрақтар қойып, жауап алды. Ардагердің құтты шаңырағындағы басқосуда оқу­шы­­­­лар­дың сынып жетекшісі май­дан­­герді Жеңіс мерекесімен құттықтады.

– Сіз аудан тұрғындары мақ­­тан ететін тұлғасыз. Біз сіздің ерлік істеріңізді үлгі тұтып, өзің­­­із­­­­­­­дей тұлға­­ның ақ батасын алғанымызды мақтаныш санаймыз. Қай кезде де өскелең ұрпақ сіздің майдан даласында көрсеткен ерліктеріңізді ұмытпайды. Біз айтулы мереке қарсаңында құтты шаңырағыңызға келіп құттықтауды жөн көрдік. Тәуелсіз елдің ұрпақтары майдан даласында жаумен арпалысқан сәттеріңізді мәңгі есінде сақтайды. Ғасыр жасаған сіздің ақ батаңыз жастарға жол бастаушы болады, – деді бастауыш сынып мұғалімі Махаббат Сайымова.

Өз кезегінде ҰОС ардагері, батагөй ақсақал Яхия Тасыров балаларға алғысын айтты.

– Айналайын, балаларым! Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығымен құттықтап келгендеріңе шын жүректен алғысымды айтамын! Балалардың әні мен тақпағын естіп, марқайып қалдым. Біздің көрген қияметті күндер артта қалды. Тек елімізде бейбіт заман орнасын. Егемен еліміздің тыныштығын тілеймін. Қашан да саналы ұрпақ тәрбиеленіп, ел болашағы жарқын болса екен. Барлығымыз өске­лең ұрпақтың Тәуелсіз мемлекет аспанын­да ер жеткенін қалаймыз. Ұлы Жеңіс күні аясында шаңырағыма келіп, сәлем берген жас өрендерге ақ батамды бер­дім. Ұрпақтар сабақтастығы мәңгілік жалғасын таба берсін. Себебі елдің ертеңі сендердің қолдарыңда. Жас балғындар, сабақты жақсы оқып, ата-аналарыңның көзқуанышы болып жүре беріңдер, – деді майдангер.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

07 мамыр 2022 ж. 526 0