Веломарафондағы әуесқойлар бәсекесі
Жеңісті жақындатып, келер ұрпаққа бейбіт күнді сыйлаған майдангерлерге қалай құрмет көрсетсе де жарасады. Жақында «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру және Ұлы Жеңіс жолында жанын қиған батырларға тағзым ету мақсатында облыс прокуроры Ризабек Ожаровтың бастамасымен веломарафон ұйымдастырылды.Веломарафонда 300-ге жуық қатысушы Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданына дейінгі 50 шақырым жолды жүріп өтті.
Велоспортты жанына серік еткен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, әуесқойлар мен еріктілер қатысып, батырларымыздың ерлігін еске алуға үлес қосты. Қызықты әрі тартысқа толы болған бәсекеде жүйріктер өзара жарыс жолында кіл мықтыны анықтады. Шапшаңдық пен ықшам қозғалысты қажет ететін бұл спорт түрінен нағыз жүйріктер оза шапты.
Сырдария ауданының орталығында өз мәресіне жеткен веломарафонда Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев пен Сырдария ауданының прокуроры Абай Әлімбаев спортшыларды марапаттап, сый-құрмет көрсетті.
«Тт» ақпарат











