Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бауырларына қарап бой түзеген

Бауырларына қарап бой түзеген

Айбынды әскердің тірегі – жүректі сарбаз. Қайсар мінезді, өжет ер-азамат­тар алдыңғы шепте жүріп, еліне қорған болуға мін­детті. Тереңөзектік Нұр­бек Дастанов қазір Алматы облысына қарасты Сарыөзек әскери қалашы­ғында орналасқан 12740 әуе ұтқыр әскери бөлі­мінде Отан алдындағы борышын өтеуде. Әскер қатарына қабылданып, ел қор­ғаны бола білген Нұрбек­тің отбасы ұлдарынан үлкен үміт күтеді.

Құрлықтық әскерде құрыштай мықты болуға ұмтылған Нұрбек Дастанұлы 18 жасында саптағы сарбаздар қатарына қосылды. Оның атасы ауданға белгілі Ұлы Отан соғысының ардагері Әбіләзи Сүлейменов екенін айтып өткеніміз жөн. Бала күнінен атасының майдан даласындағы батырлығын, бейбіт күндегі еңбегін естіп-біліп және ағаларының тәртіп сақшысы ретінде қоғам тыныштығын күзетіп келе жатқанын көріп өскен жас сарбаз өз арманына қанат бітірді. Ол – әскерге бармас бұрын, Қызылорда қаласындағы әскери-техникалық мектептен тағылымдамадан өтті. Екі айға созылған оқу барысында әскери техниканы жүргізудің қыр-сырына қанығып, көлік жүргізуге арналған куәлік алды. Ант қабылдау рәсімі барысында Нұрбек өз ептілігімен Отанына адал қызмет ететінін анық байқатты.

– Ұлымның осыған дейінгі еркелігін үйде тас­тап мықты ұландардың бірі болуына байлам жасағанына қуаныштымын. Әрине, біздің кезіміздегі әскери ұстанатын қағида басқаша еді. Заман көшіне қарай қазір барлық талап өзгерген. Ұлдарым Жасұлан мен Бауыржан әскери парызын өтеп, қазір­ құқық қорғау органдарында қызмет етуде. 12740 әуе ұтқыр әскери бөлімінде Нұрсұлтан балам да әскери міндетін орындаған болатын. Мұнда әуе жолындағы ұрыс әдіс-тәсілді жан-жақты үйретеді екен, – дейді Нұрбектің әкесі Дастан Сүлейменов бізбен әңгімесінде.

Әскери өмірге үйренісіп қалған жас сарбаз командирлерінің рұқсатымен отбасымен үнемі байланысып тұрады. Бұйырса, өз міндетін абыроймен атқарып, әкесі Дастан мен анасы Әсемкүлге қуаныш сыйламақ ниетте. Нұрбек батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тер­леп еңбек етерсің, тілегіңе жетерсің» деген қанатты сөзін өмірлік ұран еткен.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 желтоқсан 2023 ж. 208 0