Еңбек еткеннің еңсесі биік болады

Жиынға ардагер-ұстаздар бастап, мектеп директорлары, ардақты ұстаздың әріптестері мен бауырлары, шәкірттері арнайы қатысты. Ең алдымен, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы сөз алып аяулы жанды мерейлі тойымен құттықтап, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Ертарғынұлының және партия филиалының атынан Алғыс хат табыстап, сый-құрмет көрсетті.
– Тарихы тереңде жатқан ауданның білім беру саласында өзіндік орны, мәртебелі төрі бар мықты мамандар мен білікті басшылар көп. Олардың жұмыс істеу мәнері, басқарушылық қарым-қабілеті мен шығармашылық ізденіс жолындағы әлеуеті, сондай-ақ азаматтық ұстанымы әртүрлі. Бірақ бәрін бір мақсат жолындағы ортақ мүдде байланыстырады. Ол мүдде – білім саласының дамуына үлес қосу, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Осы ретте кәсіби тәжірибесі мол білікті де білгір басшы атанған Үміткүл Жұмабаеваның есімі әркез құрметпен аталады, – деді А.Ибрагимұлы.
Одан кейін Үміткүл Қонысбайқызының өмірдерегіне құрылған арнайы бейнеролик көрермен назарына ұсынылды. Айта кетейік, Ү.Жұмабаева – М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі. Ең алғашқы еңбек жолын №126 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін 1987-1991 жылдары Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, 1991-1993 жылдары №36 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі қызметтерін абыроймен атқарған. Білікті маманға сұраныс қай кезде де жоғары екені белгілі. Кейін Үміт апай №210 мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, білім бөлімінде инспектор, бас маман ретінде қызметін жалғастырған. Сондай-ақ әр жылдары аудандық білім бөлімінің бас маманы, №6 бөбекжай меңгерушісі, бөлім басшысы, Оқушылар үйінің директоры ретінде де еңбек етті. Ал 2019-2023 жылдары аралығында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің директоры лауазымында болды. Айта кетейік, ардақты ұстаз өзі білім алған №35 мектеп-лицейдің директоры қызметін абыроймен атқарып, бала күнінде шәкірт болып түлеген қара шаңырақтан зейнеткерлік кезеңге қадам басты.
Мерейтой құттықтаулармен, жылы лебіздермен жалғасын тапты. Қызметте өзіндік қаталдығымен жұмысты жүйелі ұйымдастыра білген жылы жүректі жан туралы әріптестері, аға буын, кейінгі жас ұстаздар ұдайы жақсы пікір айтады. Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанар Шәріпқызы білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып пен аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Алмас Есназардың алғысын жеткізіп, сый-сияпат көрсетті.
– «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі мен «Білім беру ісінің үздігі» марапаттары сіздің нағыз ұстазға тән жоғары кәсібилігіңізді, еңбекқорлығыңызды, адалдығыңызды және жас ұрпаққа деген шексіз сүйіспеншілігіңізді айғақтайды. Бұл марапаттар – сіздің ұлы қызметіңіздің лайықты бағасы деуге болады. Сіздің есіміңіз бен еңбегіңіз білім саласының алтын қорында мәңгі қалатыны сөзсіз. Қазіргі уақытта зейнет демалысына шығу – жаңа кезеңнің, жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Сіз үшін бұл – жаңа тыныс алу, жан тыныштығын табу сәті болсын. Білімнің биік шыңына көтерілген тұлға ретінде, өмірдің әрбір кезеңінде бақыт пен қуаныш, денсаулық пен байлық тілеймін! – деді Ж.Төреқұлова.
Одан кейін мерейлі кеш мерейтой иесінің қызметтес әріптестерінің, №36 мектеп-лицей ұжымының және ардагер ұстаздардың, ардақты ұстаздың бауырларының жылы лебізімен жалғасын тапты. Ардагер ұстаздар атынан Сұлупан Шамшадинова, Рыскүл Симағамбетова, Ұлбосын Бекмағанбетова ақ тілегін білдірсе, апайдың сіңлісі Дәметкүл Құмақбайдың пікірі көпшіліктің жүрегін елжіреткені рас. Тәлімді тәрбиеге, абыройлы еңбектің үлгісіне айналған жиын соңында Үміткүл Қонысбайқызы әріптестеріне шынайы алғысын білдіріп, қорытындылады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ