Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар қауіпсіздігі бәрінен маңызды

Балалар қауіпсіздігі бәрінен маңызды

Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын отбасылар үшін терезеге қауіпсіздік құралын орнату аса маңызды. Себебі кейінгі жылдары елімізде терезеден құлап кету деректері азаймай тұр. Осындай қауіптің алдын алып, оқиғаны азайту мақсатында ТЖД мамандары үздіксіз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, рейдтік іс-шараларды күшейткен. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Бейбітхан Спанов мәлімдеді.

- Көпқабатты тұрғын үйлердің басым көпшілігі облыс орталығында болғандықтан жазатайым оқиғалар Қызылорда қаласында жиі орын алуда. Өткен жылы ата-аналардың немқұрайлы қарауының себебінен облыс бойынша балалардың терезеден құлауының 16 фактісі тіркелді. Үздіксіз жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жыл басынан бері терезеден құлау оқиғасы тіркелген жоқ. Десе де біз жұмысты әрі қарай жалғастыратын боламыз. Қазіргі таңда біз рейдтік іс-шараларды күшейттік. Жалпы, балалардың терезеден құлау фактісінің бірнеше басты себебі бар. Олардың бастысы - ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруы және терезеде уақытша бекіткіш торлардың болмауы. Сонымен қатар, терезенің қорғаныш қабаты болмаса москит торларды пайдаланбауын сұраймыз, өйткені олар баланың қауіпсіздігіне жауап бермейді. Одан бөлек, балалардың қауіпсіздігі үшін терезенің жанына жиһаздарды қоймауларыңызды және балаларға қарапайым қауіпсіздікті үйретулеріңізді сұраймыз,- деді Бейбітхан Оразайұлы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

05 мамыр 2025 ж. 177 0