Әріптестері құрмет төріне шығарды

Мерейтой иесі Пернеш Киікбайқызына АХАТ бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова зейнеткерлік куәлігін табыстады. Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАК облыстық филиалының Сырдария аудандық бөлімінің басшысы Жұмабек Ембергенов әріптесіне жылы лебізін білдіріп, шаттыққа толы күнімен құттықтады.
– Биыл «Жұмысшы мамандықтар» жылына басымдық берілуде. Қашанда жастарға қамқорлығын танытып, жол көрсете білетін Пернеш Киікбайқызы бар құрметке лайық. Мекеменің шаруашылық жұмысын үйлестіріп, ұжымның мәртебесін биіктете түсті. Басшылық тарапынан тапсырылған жұмысты аса тиянақтылықпен атқара білді. Қашанда әріптестеріңіз сізді мақтан етеді. Жайдарлы мінезіңізбен халық көңілін тапқан аяулы жанға ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді бөлім басшысы.
Салтанатты жиында Пернеш Киікбайқызына облыстық филиал директоры Аида Абибулаеваның Алғыс хатын тапсырған әріптестері ерекше құрмет көрсетті.
Б.ОРДАБЕКОВ