Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медиация қызметі – дауды шешудің тиімді тәсілі

Медиация қызметі – дауды шешудің тиімді тәсілі

Қоғамдық қарым-қатынаста екі адам дауды өздігінен шеше алмай, одан әрі ушықтырып, соңынан сотқа жүгінеді. Бұл – сот тәжірибесінде жиі кездесетін жағдай. Сот отырысында судья қатысушыларды тыңдап, шешім шығарады. Алайда бір тарап қанағаттанбауы мүмкін.

Сол себепті дауды шешу барысында екі жақты қанағаттандыратын нәтижеге қол жеткізу үшін медиацияға жүгіну ұсынылады.

«Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданды және 2011 жылы 5 тамызда қолданысқа енгізілді. Аталған заң азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық, тағы басқа құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туын­даған дауларда қолданылады.

Бұл заң еліміздегі медиацияны ұйымдас­тыру саласындағы қоғамдық қаты­настарды реттейді, оны жүргізу қағи­даттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады.

«Медиация» сөзі латын тілінен ау­дар­ғанда «делдал, екі тарапты мә­мі­леге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қам­тамасыз етудің бірден-бір жолы бол­мақ. Яғни тарапты қанағаттандыру негі­зінде жүргізілген келіссөз рәсімі.

Медиация барысында тараптардың тең құқылықты көздейтіні сөзсіз. Сон­дай-ақ оларға тең міндеттер жүк­теледі. Ал тараптар өз қалаулары бойын­­ша медиацияны жүргізу орны мен медиацияны жүргізу барысында қай тілдің қолданылатыны жайында ке­лі­се алады. Тараптардың келісімімен медиатор медиацияның жүргізілу күні мен уақытын белгілейді.

«Медиация туралы» Заң бітімгерлік рәсімдер институтын ұйымдастыру және оның қызметінің тәртібін бел­гілейтін бірқатар баптардан тұрады. Бітімгерлік рәсімдер институты қыз­метінің құқықтық негіздерін белгілейді және медиатордың қатысуымен дауларды шешу жөніндегі қатынастарды реттейді. Медиатор – тараптардың дауларын реттеу мақсатында олар­дың арасында бітістірушілік рәсімдерді жүзеге асыратын дербес тұлға. Қол­даныстағы заңның 4-бабы негізінде бітімгерлік рәсімдерді жүргізетін медиатор тараптардың тең құқықтылығы мен әділеттілігін сақтауы тиіс. Сонда медиация еріктілік, медиация тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық қағидаларымен жүргізіледі. Медиацияны жүргізу кезінде тараптары қол жеткізген дау­ды реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. Медиация тараптары медиаторды, медиация рәсімін, ондағы өз ұстанымын, оны талап ету тәсілдері мен құралдарын таңдау, ақпарат алу кезінде, дау-шарды реттеу туралы келісімшарттарының қолайлылығын бағалауда тең құқықтарды пайдаланады және өздеріне тең міндеттер жүктейді, медиациялық рәсімдерге араласушылыққа жол берілмейді.

Медиацияның мақсаты – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, дауласушылық деңгейін төмендету, тараптардың сот отырыстарына қатысуынан уақыттарын жоюға жол бермеу болып қалыптасқан.

Осы уақытқа дейін медиация дау-дамайды шешудегі тиімді құрал екенін көрсетіп үлгерді. Былай қарасаңыз, медиация қазаққа жат ұғым емес. Себебі ұлтымыздың тарихында билер институты болған. Азаматтар арасында туындаған дау-дамайларды билер, шешендер немесе беделі бар жергілікті ақсақалдар әділ шешіп отырған. Билердің негізгі шешетін мәселесі келген шығынды қалпына келтіріліп дауласушыларды бітімге жеткізу болып табылған.

Гүлшат ПІРІМБЕТ,
Сырдария аудандық соты әкімшісінің бас маман-сот отырысының хатшысы
26 сәуір 2025 ж. 51 0