Ұялы телефон – жалғыз серігіміз бе?

Статистика дерегінше, 2024 жылы әлемдегі интернет қолданушылар күніне орта есеппен 6 сағат 37 минутын экран алдында өткізеді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 7 сағаттан асады. Оның ішінде 16-34 жас аралығындағы жастардың үлесі басым.
Қазақстандық Digital Report мәліметіне сәйкес, елімізде әрбір екінші адам күніне кемі 4-5 сағат смартфон қолданады. Жастар арасында бұл көрсеткіш 8-9 сағатқа дейін жетеді. Бір қызығы – бұл уақыттың көп бөлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге кетеді. Психологтар мұны «цифрлық жалғыздық» деп атайды. Адамдар онлайн әлемде белсенді болғанымен, шынайы өмірде жалғыз.«Инстаграмда мыңдаған оқырманым бар, бірақ шын өмірде сөйлесетін адам таппаймын», – дейді 24 жастағы Айдана есімді студент. Ол үшін кешкі уақыт – сторис қарау, TikTok парақша жүргізу, мемдермен бөлісу уақытына айналған.
Сарапшылардың айтуынша, жасанды қарым-қатынас пен үздіксіз онлайн болу адам миына қысым түсіреді. Нәтижесінде, адамның өзімен-өзі болуға, тынығуға уақыты қалмайды, шынайы эмоцияны сезінуден алыстай түседі.
Түнгі жарық, бұзылған ұйқы. Ұялы телефон тек жалғыздықпен шектелмейді. Оның денсаулыққа зияны да аз емес.Невропатолог Динара Жанатқызы былай дейді: «Көп жастар ұйықтар алдында телефон қарап жатады. Смартфон экранынан шығатын көк жарық миды алдап, ұйқы гормоны мелатониннің бөлінуін тежейді. Бұл ұйқының бұзылуына, созылмалы шаршауға, тіпті күйзеліске алып келеді».Harvard Medical School зерттеуі де бұл пікірді растайды: түнгі уақытта телефон қолданатын адамдардың ұйқы сапасы 60%-ға дейін төмендейді. Сарапшылар смартфон мен әлеуметтік желіге тәуелділіктің белгілерін атап өтеді. Телефонсыз жүре алмау, алаңдау, әр 10-15 минут сайын экранды тексеру, смартфон болмаса, жалғыздық пен мазасыздық сезіну, қарым-қатынаста эмоциялық суықтық осының телефонға тәуелділік белгілері. Тыйым салу емес, тепе-теңдік табу арқылы адамдарды тәуелділіктен арылтуға болады.
Цифрлық детокс – қазіргі жастар арасында жаңа трендке айналып келеді. Демалыс күндері телефонды өшіріп, серуенге шығу, кітап оқу, достармен шынайы кездесулер – бұл смартфонмен қалыптасқан жалғыздықтан арылуға көмектесетін тәсілдер.
Смартфон – бұл жай ғана құрал. Ол біздің өмірімізді жеңілдетуі керек, қиындатпауы тиіс. Оны серікке айналдыру – өзіміздің таңдауымыз. Бірақ сол серік – шынайы досқа, шынайы сезімге, шынайы өмірге кедергі болмауы керек. Кейде телефоннан бас көтеріп, айналамызға қарасақ, нағыз өмір дәл қасымызда өтіп жатқанын байқаймыз.
Мұрат Алтынай
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Фото: Ашық дереккөзден
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Фото: Ашық дереккөзден