Сала мамандары – марапат төрінде

Сырдария ауданы газ саласының қызметкерлері және ардагерлерімен кездесу мақсатында ұйымдастырылған жиынға аудан әкімінің орынбасары Роллан Манарбекұлы, Қызылорда облысы бойынша «Республикалық газ саласы ардагерлерінің» Қоғамдық бірлестігі филиалының директоры Нұрсұлтан Назаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық газ шаруашылығы басшысы Бекнұр Ысқақов пен сала ардагерлері мен мамандары арнайы қатысты.
Алғысөз «Республикалық газ саласы ардагерлерінің» Қоғамдық бірлестігі филиалының директоры Нұрсұлтан Әбілқасымұлына берілді.
– Қазіргі таңда газ саласы қызметкерлері ел экономикасының қарқынды дамуына, азаматтардың әл-ауқатының артуына қомақты үлес қосуда. Еліміздің мұнайлы және газ өлкесі саналатын Қызылорда облысы, оның ішінде Сырдария ауданы қазіргі таңда мемлекетіміздің экономикалық дамуында жетекші рөл атқаратыны бәрімізге мәлім. Әрине бұл ең алдымен сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Газды халық игілігіне айналдыруда сала қызметкерлерінің ерен еңбегі қашан да құрметке лайық. Бүгінгі таңда «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының Сырдария аудандық газ шаруашылығы мекемесі аудан тұрғындарын табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді, – деген қоғамдық бірлестік директоры сала мамандарына ризашылығын білдірді.
Одан кейін кезек марапаттау салтанатына берілді. Атап айтар болсақ, Қызылорда облысының газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін газ саласының ардагерлері Мектепхан Елеусінов, Дүйсенбай Боқанұлы, Бақыт Ыбырай, Айгүл Оразымбетова «Qazaqgaz ардагері» төсбелгісімен, Әнипа Разақова мен Зәуре Асанова «Qazaqgaz ардагері» төсбелгісі және «Qazaqgaz еңбегі сіңген ардагер» медалімен марапатталды.
Аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов сала ардагерлерін мерейлі марапатпен құттықтай отырып, аудан көлеміндегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
– Бұған дейін аудан орталығынан бөлек Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин және Асқар Тоқмағанбетов ауылдары газдандырылып, халық тұрмысы жеңілдеген болатын. Бүгінде Шаған және Нағи Ілиясов ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, Н.Ілиясов ауылдық округі бойынша тиісті жұмыстар толық аяқталып тұр. Жақында аталған ауылдық округтер «көгілдір отынға» толықтай қосылатын болады. Қалған бірқатар ауылдық округті газдандыру жобалары кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асатын болады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Өз кезегінде ардагерлер пікірлерімен бөлісіп, қазіргі таңда газ келіп халық тұрмысының алға жылжығанын тілге тиек етті. Сондай-ақ сала мамандарына ерекше құрмет көрсетіп, арнайы марапат ұсынған «Республикалық газ саласы ардагерлерінің» Қоғамдық бірлестігіне ризашылықтарын білдірді.
Жиын соңында аудандық газ шаруашылығы басшысы Бекнұр Ақылбекұлы сала мамандарына сәттілік тілеп, халық игілігі жолында жүйелі жұмыстар жалғасын табатынын айтты. Айта кетейік, мұнай-газ өнеркәсібі заманға сай дамып келеді. Өндіріске инновациялық технологиялар енгізіліп жатыр. Экологияны сақтауға арналған жаңа стандарттар қалыптасқан. Сыр елі экономикасының серпінді дамуына аймақтағы мұнай-газ саласының үлкен үлесі бар.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ