Ілкімді істер ауданды алға жетелейді

Кездесуде жетекші партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қабылданған Жол картасының басым бағыты мен жоспарлы жұмысы талқыланды. Бұл ретте, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ауданның әлеуеті зор екенін айтып, ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны бар ауданның соңғы жылдардағы жетістіктерін ерекше атап өтті.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев 2025 жылдың қаңтар-наурыз айында ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 26763 млн теңгенің өнімін өндіргенін айтып, бұл былтырғы жылдың осы деңгейіне қарағанда 15,8 пайызға ұлғайғанын жеткізді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 4167 млн теңгені (129,7 пайыз) құрағанына тоқталды. Сонымен қатар ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі көлемі қаңтар-наурыз айларында 1533 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға артқан. Аудан басшысы аудандағы кәсіпкерлік саласының жұмысына да тоқталды. Бұдан бөлек Ақтөре Ибрагимұлы партияның аудандық филиалының атқарып жатқан жұмысы мен алдағы жоспарлары жөнінде ақпарат берді.
– Сырдария ауданы облыс орталығына жақын орналасқаны мәлім. Күрежолдың бойында тіршілігін күйттеген аудан жұртшылығының барлық салада мерейі тасып келеді. Шын мәнінде, ауданда ауқымды жобалар жүзеге асып, инфрақұрылым даму үстінде. Халықтың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын жақсартуда жүйелі жұмыс жасала бермек. Жетекші партия аудандағы атқарушы билік өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, халықтың басты мәселелеріне назар аударатын болады, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Кездесуден кейін «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов аудан халқының қатысуымен өткізіліп, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы «Таза бейсенбі» іс-шарасының куәсі болды. Акция Тереңөзек кентіндегі «Тағзым» алаңында, «Құрметті азаматтар» аллеясында өтті. Акцияға қатысушылар Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай боздақтарға арналған ескерткішті тазалап, әрлеу, сырлау жұмыстарын жүргізіп, 100-ден астам тал екті. «Таза бейсенбі» акциясы аясында аудан тұрғындары, партия белсенділері жеңіс туын желбіретуге үлес қосқан майдангерлердің, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыздың рухына тағзым етіп, құрмет көрсетті. Ізгілігі мол акцияда «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері белсенділік танытты.
– Тазалық табалдырықтан басталады. Қай кезде де тазалықтың орны бөлек. Тазалық – мәдениеттіліктің көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығына қарау – әрбір азаматтың міндеті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына партия мүшелері әркез өз үлесімізді қосып келеміз. Осы акция аясында «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының бастамасымен аудан әкімдігінің қолдауымен «Таза бейсенбі» акциясы ұйымдастырылды. Акцияға 100-ге жуық адам қатысты. Осы тұста, әр азамат өзінің есік алдын, көше жақ бетін тазартып, күл-қоқысты далаға шығармай, өзі тұрып жатқан аумақты таза ұстаса, оның қоғамға тигізер пайдасы көп екенін айтқым келеді. Яғни әрбір адам көше тазалығына жауап берсе, ауданымыздың да келбеті айшықтала түсетіні анық, – деді «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы.
Ауданда бірқатар кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Соның бірі – жеке кәсіпкер, құмблок өндіруші, тереңөзектік Азамат Ысқақов. Аталған бағдарлама шеңберінде жүзеге асырып жатқан жұмыстарды жеке кәсіпкер аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмахановқа түсіндірді. Бұл ретте, аудан басшысы айтулы бағдарлама аясында аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасы аясында 3 млрд қаржы бөлінді. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жобаны ауқымдау шеңберінде берілетін микрокредиттердің сенім білдірілген өкілі ретінде «Байқоныр» ӘКК АҚ-ы анықталды. 2023 жылғы 20 шілдеден бастап несие алушылардан құжаттарды қабылдау жүргізіліп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлік субъектілерін біріктіру жолымен 6 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, қаржыландырылды. Жоба аясында аудан бойынша 233,2 млн теңге сомасына 23 жоба қаржыландырылды. 2024 жылы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау бойынша шағын кредиттер беруге 1 млрд қаржы бөлінді. Жоба аясында аудан бойынша 273,1 млн теңге соммасына 18 жоба өтінім тапсырған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие комитетінің шешіміне сәйкес 145,6 млн теңгеге 13 жобаға несие мақұлданды. 2024 жылы желтоқсан айында 1,5 млрд теңге қаржы бөлінуіне байланысты сайт ашылып, бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 144,5 млн теңге соммасына 22 жоба өтінім тапсырған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие комитетінің шешіміне сәйкес 55,8 млн теңгеге 9 жобаға несие мақұлданды. Жоба бойынша атқарылған жұмыстармен Премьер-министр Олжас Абайұлы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы арнайы келіп танысып, оң бағасын берді. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасымен алдағы уақытта да нақты жұмыстар атқаратын боламыз, – деді аудан басшысы.
Бүгінде ЖК «Искаков» өндіріс орнында бірнеше адам жұмыспен қамтылған. Нарықтағы сұраныс бойынша жергілікті халықты толықтай құмблокпен қамтамасыз етуде. Өз кезегінде жеке кәсіпкер өндіріс орны туралы кеңінен мәлімет берді.
– Біз секілді кәсіп бастауға ынта танытып жатқан жас кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігі өте көп. Мемлекет басшысына ризашылығымызды айтамыз және осындай өте жақсы жобаны ұсынған «AMANAT» партиясына рақмет. Қазір кәсібіміз алға басып, өркендеп жатыр. Күніне 500 данаға дейін құмблок шығарамыз. Қаладан да тапсырыстар түсуде. Кей күндері тапсырысты орындауға үлгермей қалып та жатамыз. Сондықтан алдағы уақытта кәсібімізді кеңейткіміз келеді. Әзірге 3 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Келесі айдан бастап жұмысшы санын арттырамыз, – деді жеке кәсіпкер Азамат Ысқақов.
Ауданға іссапар барысында Алмасбек Есмаханов ауданның белсенді жастарымен кездесті.
Еркін форматта өткен жиында аудан жастары сөз сөйлеп, өз салаларында атқарып жатқан ауқымды жұмыстары және жетістіктерімен бөлісті. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айгүл Ахметова орталықтың, жалпы аудан жастарының атқаратын және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстары мен жобаларын таныстырып өтті. Сондай-ақ №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің мұғалімі, «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Мұғалім TALKS» кейс-платформасының қатысушысы Заманбек Аманбеков сөз сөйлеп, мемлекет, партия тарапынан жастарға деген қолдаудың жоғары деңгейде көрсетіліп жатқанын тілге тиік етіп, алғысын білдірді.
Облыстық филиал төрағасы жалпы аудан жастарының жарқын жетістіктеріне, атқарылып жатқан ауқымды жобаларға оң бағасын беріп, елімізде мемлекет, партия тарапынан жастарды қолдауға бағытталып жатқан жұмыстарды жеткізді.
– Бүгінгі жас – еліміздің ертеңі, болашағы. Жастар қай заманда да қоғамның қозғаушы күші. Болашақ жастардың қолында. Сондықтан қай уақытта да жастарға қойылар талап та, міндет те, сенім де жоғары. Бүгінде бұл талаптардан мүдірмей өту үшін барлық мүмкіндіктер де жасалып жатыр. Соны дұрыс жағына пайдаланып, елдің дамуы жолында аянбай, белсенді еңбек етуге шақырамын, – деді Алмасбек Есмаханов.
Кездесу соңында облыстық партия филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ауданның белсенді жастарын алғыс хатпен марапаттады.
Айта кетейік, Алмасбек Есмаханов жақында ашылған «Руханият орталығының» жұмысымен танысты. Сонымен қатар майдангер Яхия Тасыровтың үйіне арнайы барып, Жеңістің 80 жылдығы мерекесімен құттықтады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ