Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрмыс сапасын жақсартудың негізгі бағыты

Тұрмыс сапасын жақсартудың негізгі бағыты

Қуатты экономиканы қалыптастыру бағытында сан саланы өркендетуге, тамырына қан жүгіртуге басымдық беріледі. Бүгінде Сыр өңірінің әлеуеті артып, инвестициялық жобаларды қаржыландыру айрықша қарқын алды. Қызылорда облысында аграрлық саламен бірге кәсіпкерлікке кең өріс беруге басты назар аударылады. Шағын және орта кәсіп иелерімен бірге өндіріс орындарын ашу барынша көзделген. Өңірдің жаңа келбетін қалыптастыру үдерісінде кәсіпкерлік саласы жандану үстінде.

Бүгінде облыс орталығымен тіршілік ауаны бір сәтке үзілмейтін Сырдария ауданында көңілге жағымды жобалар жүзеге асырылуда. Негізінен, аудан бойынша 2025 жылдың І тоқсаны бойынша 2613 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2558 болып, тіркелгендер үлесі 97,8 пайызды құрады. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 368,6 млн теңгені құрайтын 28 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Құны 259,1 млн теңгеге 28 ауыл шаруашылық техникалары мен құрал-жабдықтары алынды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы құны 52,2 млн теңгенің 5 жобасы қаржыландырылды. Сон­дай-ақ «Ауыл аманаты» бағдар­ламасы аясында құны 109,5 млн теңгені құрайтын 13 жоба қаржы­лан­дырылды.

– Сырдария ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған жүйелі жұмыс жалғасуда. Аудан тұрғындары қайтарымсыз грант иегері атанып, алғашқы кәсіптерін ашуда. Көбіне мал шаруашылығы саласына икемделетін жергілікті халық төрт түлікті төлдетуге бейімделеді. Сонымен қатар шағын кәсіптің иесі атанатын көпшілік халыққа қызмет көрсетуге арналған бизнес орындарын ашуға мүдделі. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеңіл­детілген несие алған әрбір бизнес иесі кәсібін дөңгелетуде. Сала мамандары қашанда кәсібін ашамын деген жандарға бағыт-бағдар көрсетуде, – деді Сырдария аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов.

Осы күні кәсіпкерлік саласының ауданда ілгері жылжуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Жергілікті тұрғындар асхана желісі, шаштараз, сән салоны, кондитерлік өнім цехы, сауда орындарын ашуға бейім. Шағын және орта бизнесті дамытуда кез келген мемлекеттік бағдарламаның пайдасы зор.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

19 сәуір 2025 ж. 294 0