Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәңгілік мұра

Мәңгілік мұра

Ән – адам жанының тереңінен сыр шертіп, тыңдаушының жүрегіне жол табатын қасиетті өнер. Қазақ халқы үшін әннің орны ерекше. Ол – тек өнер ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан рухани мұра. Осы тарихқа толы өнерді бүлдіршін кезінен сезіне білген, мектеп жасында халықаралық фестивальдің бас жүлдегері атанған Диас – жерлестер мақтанышы.

Қазақтың әрбір халық әні – өмір шежіресі. Онда махаббат, ерлік, жігер, татулық, табиғатқа деген сүйіспеншілік, ел мен жерге деген құрмет тереңінен көрініс тапқан. Бүгінгі таңда ән өнері сан түрлі бағытта дамып келеді. Заманауи мәнердегі шығармалар жастарға жақын болғанымен, халық әндерінің маңызын ешкім жоққа шығара алмайды. Ол – ұлттық болмысты танытатын, ұмытылмас қазына. Осы ұлттық мұрамызды нақышына келтіріп орын­дап, әлемге танытып жүрген кішкентай Диас Берлібек туралы жаз­бақ­пыз.

Төрт жасынан әнге құштар бүл­дір­шін қазіргі уақытқа дейін үлкен жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. Ауданымыздың мерейін асқақтатып, Аманкелді ауылының құрметіне бөлен­ген жас әнші. Өнерде алға жетелеп, бар білгенін шәркітіне үйретіп жүрген үйірме жетекшісі – Қожаберген Дайырханов. Берген әр білімі зая кетпей үлкен жетістікке жетелеп жүргенінің көрінісін аңғаруға болады. Жақында Өзбекстан респуб­ликасының Ташкент қаласын­да өткен «Жеті өнер – Ташкент» І Халықаралық өнер фестиваль-байқауында шәкірті Диас Берлібек гран-при жүлдесін жеңіп алды. Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ» әнін орындап, қазылар алқасы мен көрерменнің таңдайын қақтырған қазақтың баласы. Қазақ әнінің көркемдігімен қатар әсемдігін айқын көрсететін бұл әнді нақышына келтіріп орындау әр өнер иесінің қолынан келе бермейтіні анық. Музыка тілінде айтсақ, иірімдері мен орамдарына дәл түсіп, нота­дан ауытқып кетпей орындау – нағыз шеберліктің белгісі. Диас осындай сыннан мүдірмей өтіп, құрмет-қошеметке ие бола білген.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, ол өзінің сегіз қырлы, бір сырлы екенін көрсете білді. Жас өрен тек ән үйірмесімен ғана шектелмей, қосымша қазақтың ұлттық аспабы домбыраны үйренуге ынталанып, бар күш-жігерін салуда. Сонымен қатар өзінің табиғат пен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін сурет салу арқылы бейнелеп үйренген Диас бүгінгі таңда сурет салу үйірмесінен де қалмайды.

– Ән үйірмесінің қатысушысы Диас Берлібек кішкентай болса да мықтылығын түркі елдеріне көрсете білген қазақтың қара домалағы. Жақында өзбек халқының отанында өткен фестивальдің жеңімпазы болғанымен қатар, бұған дейін халықаралық «Бозторғай» бай­қауының қатысушысы болды. Не­гі­зі бұдан бөлек үлкенді-кішілі жетістіктері де жетерлік. Ауылы­мыздың абыройын асқақтатып жүр­гені­мен қатар, қазақ халық әні­нің кең таралуына да өз үлесін қосу­да. Фестивальде «Көкшолақ» әнін нақышына келтіріп орындап, көрер­меннің көзайымына айналды. Диас сабағына да уақыт тауып, өзінің талантын шыңдауға да, ұнататын ісімен айналысуға да үлгеріп жүрген жан-жақты, талантты жас, – деп өз пікірін білдірді Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлайна Қалдыбаева.

Ән – ұлттың рухани байлығы. Ол ұр­пақтан-ұрпаққа жетіп, қа­зақ­тың болмысын танытатын мәң­гілік мұра ретінде бағалануы тиіс. Диастың жетістігі ауданның абыройын ғана емес, беделін көтерді. Осындай биік белестерді ба­ғын­­дыратын жас өрен­нің қатары көп болғай!


Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
15 сәуір 2025 ж. 230 0