Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі баға тұрақтылығына бақылау жүргізді

Аудан әкімі баға тұрақтылығына бақылау жүргізді

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентіндегі «Серікбол», «Ризық» сауда орталықтарына барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына бақылау жүргізді.

Сауда орталығында аудан басшысы әлеуметтік маңызы бар өнімдер – ұн, нан, қант, күнбағыс майы, ет, көкөніс секілді тауарлардың бағасына ерекше назар аударды. Сауда нысандарының иелерімен жүргізілген әңгіме барысында бағаны негізсіз өсірмеу, тұрақты жеткізілім мен сапалы қызмет көрсету мәселелері сөз болды.

– Бақылау жұмыстарының басты мақсаты – нарықтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындарға қолжетімді бағада сапалы өнімдер ұсынуға ықпал ету. Баға тұрақтылығы сақталуы қажет. Әлеуметтік маңызы өнімдердің бағасын негізсіз өсіруге болмайды. Азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру үшін апта сайын тиісті бөліммен мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сауда нысандарының иелері халық күнделікті тұтынатын өнімдердің қоры жеткілікті екенін айтты. Аудан әкімі кәсіпкерге сауда орталығы жұмысын жандандыру, санитарлық талаптардың сақталуы мәселелеріне де баса назар аударды.

Бүгінде дүкендер тауар бағасын өз бетінше белгілейді. Алайда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өткізу құны өндірушінің немесе көтерме саудадағы бағадан 15 пайыздан аспауы тиіс.

Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

06 сәуір 2025 ж. 60 0