Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Азық-түлік бағасына бақылау жүргізді

Азық-түлік бағасына бақылау жүргізді

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев кенттегі бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарға барып, азық-түлік бағаларына бақылау жүргізді. Жалпы аудан орталығында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, тапшылық жоқ.

Ең алдымен, аудан басшысы «Нұрай» сауда дүкеніндегі халық күнделікті тұтынатын нан, сүт, ұн, көкөніс, қант секілді өнімдердің қоры мен бағасын бақылап шықты.

Бүгінде дүкендер тауар бағасын өз бетінше белгілейді, алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өткізу құны өндірушінің немесе көтерме саудадағы бағадан 15 пайыздан аспауы тиіс.

– Азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру үшін апта сайын мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Басты мақсат – халықты сапалы және қолжетімді бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету. Ескерте кетейін, бағаны негізсіз көтеруге жол жоқ, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сондай-ақ, аудан әкімі «Жандос» сауда нысанына да барып, азық-түлік қоры мен бағасын қарап шықты. Бағаны негізсіз өсірмеу үшін сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
09 қыркүйек 2023 ж. 262 0