Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№23 газет

01 сәуір 2025 ж.

№22 газет

29 наурыз 2025 ж.

№21 газет

23 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Көрші ақысы – тәңір ақысы

Көрші ақысы – тәңір ақысы

Әз-Наурыз – ата-бабамыздан қалған мұра. Жылдан жылға түрленіп келе жатқан мереке бұл жылы да өзіндік құндылығымен ерекшелене түсті. Наурыз келсе, көршілермен бас қосып, арқа-жарқа болып, қыстан аман шыққанды амал етіп, тойлайтын кез. Соның бірі – ауданымыздың Қазақ көшесінің көршілер Наурызы. Аталған мерекеге арнайы қонақ болып, көше наурызына куә болып қайттық.

Наурыз мерекесі десе, ең бірінші ойымызға наурыз көже мен бауырсақ және ұлттық киім киген жамағат түседі. Осындай көрініске жыл са­йын куә боламыз. Амал мерекесін жылдағыдан өзгеше ұйымдастырған көршілер қауымы «тойдың болғаны­нан болары қызық» деп, бірнеше күн қатарынан дайындық үстінде болған. Мереке өзге ұлттың өкілі әрі көше тұрғыны Равиль Шаеховтың шаңырағында тойланды. Көршілердің басын қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұйымдастырған «Қазақ» көшесінің тұрғыны, аудандық спорт клубының жаттықтырушысы Жасұлан Құралбайұлы. Мереке көрісумен бас­талды. Әр ошақтың іргетасы бола білген әр отбасы жиналған үлкен қария, әжелерімізбен көрісіп батасын алды. Бесіктен белі шықпаған сәбиден бастап, ғасыр жасаған ақсақалға дейін нақышына келтіріп ұлттық киім киіп, ерекше көрініс орын алды. Қазанға ет асылып, наурыз көже бұрқылдап қайнауы тойдың бір бейнесі іспеттес. Көршілер қауымы көрісіп болғаннан кейін Жасұлан Құралбайұлы жұртшылықты жайылған ақ дастарқанға шақырды. Үлкендеріміз жол бастап, төрден орын алды. Келіндер қонақтарға қызмет етіп, шай құйылып, наурыз көже таратылды. Дастарқанның ақ батасын ғасыр жасаған соғыс ардагері, майдангер атамыз Яхия Тасыров берді. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіні ізет тұту – көрегендіктің белгісі. Осы ретте құтты қонақ болған бізге де құрмет көрсетілді.

Мерекеде көше тұрғыны Ерасыл Жасұланұлы домбырамен күй шер­тіп, бүлдіршіндер ән шырқады. Әрі қарай Қазақ көшесінің тұрғыны Бақыт Сардарбеков пен Әсел Қошпанованың перзентінің бесікке салар рәсімі өтті. Бесіктің екі жағына көрші әжелер Алтын Шілдебаева және Әтіркүл Омарова отырды. Қос әже әндетіп бесікті дайындап, «тыштыма» ырымын жасады. Сәбиді «бисмилляһпен» бесікке бөлеп, ұйқысы қалың болсын деп ырым­дап жабу жабылды. Қазақтың кәде сыйында шек бар ма, бесікке салған қос әжеге сәби анасы жаулық жауып, сый-құрмет көрсетті. Бұл салт-дәстүріміздің батасын ардагер Яхия Тасыров берді. «Балама сіздің жасы­ңызды берсін» деп көпбалалы ана ақсақалға шапан жапты.

Ұлтымыздың ұлылығын көр­сететін қазақтың ұлттық спорты да ұйымдастырылды. Әр отбасының ер жетіп келе жатқан балаларын жинап, алдымен қол күреске кезек берілді. Бұл спорт түрінің жеңімпазы анықталғаннан кейін, екінші кезекте 8 келілік гір тасын көтеру болды. Әр бала шамасы келегенше мықтылығын көрсетіп, алға суырылып шыққан «мен» деген ер азаматтың атқа мінерлері болды. Ал көршілердің арасында ер азаматтардың күш-жігері сыналып, арқан тартыс өтті. Тартыс­ты болған бұл спорт түрі де мәресіне жетіп жеңімпаз анықталды. Ұйым­дастырушы Жасұлан Құралбайұлы бастаған азаматтар жеңімпаздарға диплом мен сый-сияпат табыстады. Сонымен қатар, ең үздік ұлттық киім киген отбасы да анықталды. Ұлттық киім әр қазақтың көркін ашатыны анық. Өзге отбасыларға қарағанда ерекшеленіп, қос қызы гүлдей құлпырып келген Әбдірашовтар әулеті «үздік ұлттық киімді» жеңіп алды. Мерекеге келген әр қатысушы құр қол қайтпады. Барлығы дерлік сый-сияпатымен құрметтеліп, ортада әрқайсысының өзіндік орны бар екендігі байқалды.

Ақ дастарқан түрілмей, қазаннан ыстықтай буы бұрқыраған ет түсіп, кезек-кезек табақпен қонақтарға ұсынылды. Тәтті қылығымен елді сүйсіндірген балақайларға дейін дәм татып, қазақтың қою шайы ұсынылды. Үлкенді-кішілі жұртшылық бір-бірімен арқа-жарқа болып әңгімелесіп, келіндер шүйіркелесіп, бүл­діршіндер мәз-мейрам болып ойнап жүрген көріністің өзі бір бөлек. Бұл жай мереке емес, үлкен дүбірлі той секілді. Осылай қазағымыздың ұлттық мерекесі жандана берсін. Ұлыстың Ұлы күнінде барша қазақ халқы молшылыққа кенелсін.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

23 наурыз 2025 ж. 528 0