Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңның негізгі қағидаты – тәртіп

Заңның негізгі қағидаты – тәртіп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстан құру жолындағы еліміздің ұстанатын саясатын кезекті өз Жолдауында айқындап берген болатын. Заң мен тәртіпке негізделген қоғамда Әділетті Қазақстан мен Адал адам ұғымы ажырамас бір тұтас жүйеге айналғаны дұрыс. Һәкім Абай «Адал еңбекпен мал іздемек, арлы адамның ісі» деген.

Заң шеңберінде елімізде ұлт мүддесін жоғарыға көтеру мақсатында көптеген ауқымды жоба жүзеге асуда. Өткен аптаның жұмасында аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен «Заң және тәртіп керуені» акциясы аясында аудан тұрғындарымен кездесу өткізілді.

Мән-мағынасы зор іс-шараға Қызылорда облыстық прокуратурасының аппарат басшысы Азамат Баянбайұлы, Сырдария ауданының прокуроры Абай Әлімбаев, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.

«Заң және тәртіп керуені» акциясы аясында жүзеге асқан іс-шарада Қызылорда облыстық прокуратурасының аппарат басшысы Азамат Баянбайұлы қазіргі таңда өзекті болып отырған интернет алаяқтық, азаматтардың құқықтық мәселелері жөнінде және прокуратура органдарының атқарып жатқан жұмыстары туралы толық ақпарат берді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, нашақорлыққа қарсы іс-қимылдар, мал ұрлығының алдын алу және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мәселелері де талқыланды. Халықпен кері байланыс орнату мақсатында қызметкерлері ашық есік күні мен қоғамдық қабылдау жиі өткізілетіні көпшілікке хабарланды.

Жиын барысында аудан әкімі Берік Сәрсенбаев көтерілген бірнеше мәселе бойынша жиналған көпшілікке ақпарат берді.

– Өз кезегінде бұл шара халықтың билікке деген сенімін арттыруға, мәселелерді жедел шешіп, тұрғындардың негізсіз сергелдеңге түсуін және өтініштердің созбалаңға салын­уын болдырмауға, қағазбастылықты азайтуға оң ықпалын тигізеді деп санаймыз. Аудан көлемінде барлық мәселе заң шеңберінде шешілуде. Құқық қорғау органдары аудан әкімдігімен бірлесіп, алаяқтықтың алдын алуға байланысты кешенді жұмыстарға иек артуда. Ал сыбайлас-жемқорлық мәселесіне қатысты арнайы іс-шара ұйымдастырылып, жергілікті халыққа түсіндірме жұмысы жүргізіледі. Әрине, халық арасындағы заңдық тұрғыдан шешілетін кез келген түйткілді дүниені бей-жай қалдырмаймыз, – деді аудан әкімі.

Облыстық прокуратураның аппарат басшысы Азамат Баянбайұлы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, азаматтардың сұрақтарына заңнама шеңберінде жауап берді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов өз ойларын ортаға салып, көкейкесті дүниелерге тоқталды.

«Тт» ақпарат
25 ақпан 2025 ж. 118 0