Аудан әкімі Ұлмекен Жанәлиеваны мерейтойымен құттықтады
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан ардагерлерімен бірге «Қызылорда облысының Құрметті ардагері», «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті Азаматы, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиеваны мерейлі 75 жасымен құттықтады.
Аудан басшысы ардақты жанның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтті.
– Осы жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқасүйері болып отырсыз. Сіз тек бір әулеттің ғана емес ауданның ақылшы анасы ретінде құрмет төріндесіз. Ағартушылық саладағы қажырлы қызметіңіз ауданның білім саласының дамуына үлкен септігін тигізіп, ардагер-ұстаз ретінде үлгі-өнегеңізді көрсетіп келесіз. Сондықтан білім саласында есіміңіз құрметпен аталады. Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан үлесіңіз зор. Мемлекеттік қызмет саласында да жемісті еңбек етіп, бүгінде қоғамдық іс-шараларда белсенділік танытудасыз. Сіздің мағыналы ғұмырыңыз өзіңізден кейінгі ұрпақ үшін тәлім мен ғибратқа толы деп білемін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан әкімі мерейтой иесіне «Құттықтау» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Өз кезегінде аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ардақты жан Ұлмекен Шанайқызы ризашылығын білдірді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі