Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерлесіміз қаржылай сыйлыққа ие болды

Жерлесіміз қаржылай сыйлыққа ие болды

Өткен аптада облыс орталығында «Саналы ұрпақ – болашақ кепілі» тақырыбында форум өткізілген болатын. Форумға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілі­сінің депутаттары Наурызбай Бай­қадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайым­бетов, Мұрат Ергешбаев, Бас прокуратура өкілі Жасұлан Даулембаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, құқық қорғау орган­дарының, жауапты сала басшылары қатысқан болатын.

Идеологиялық мәні зор іс-шарада облыс көлемінде белсенділігімен танылған бірқатар азамат марапат төрінен көрінді. Өз кезегінде сырдариялық жас, жерлесіміз Бейбітжан Қобланов «Үздік волонтер қозғалысы» аталымын иеленді.

Негізінен, бұл аталым «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясының нәтижесінде «Дала Қырандары Сатқындар» бас­тамашыл тобына берілген. Оның жетекшісі – Бейбітжан Қобланов. Жыл көлемінде баста­машыл топтың ұйымдастыруымен синтетикалық есірткіге қарсы 50-ден астам профилактикалық іс-шара жүзеге асқан. Сонымен қатар әлеуметтік желіде таралған заңсыз сайттарды бұғаттау мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілген. Құқық қорғау саласының мамандарымен бірлесіп, рейд өткізілген. Аптасына 1 мәрте аралас жекпе жектен жаттығу жасалып, нашақорлыққа қарсы республикалық турнир жалауын көтерген.

– Облыстық жастар ресурстық орталығы мен полиция департа­ментінің қолдауымен форумда үздіктер қатарынан көріндік. Жастарды саламатты өмір салтын ұстануға шақырамыз. Қашанда спортпен тұрақты шұғылданған жандар жаман әдеттен аулақ болатыны сөзсіз. Аймақ басшысы форумда жыл бойы атқарған жұмысымызды жоғары бағалап, қаржылай 500 мың теңге сыйлық берді. Бұл жетістік – «Дала Қырандары Сатқындар» бастамашыл тобының жұмысына берілген лайықты баға деп білеміз, – деді Бейбітжан Қобланов.

Сырдариялық жас өрен осыдан 2 жыл бұрын облыс әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығын иеленген болатын. Жыл сайын жерлесіміз табысын еселеп келеді. Тұрақты түрде спортпен айналысатын Бейбіт Қобланов жастар саясатын дамытуда да өз үлесін қоса бермек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
14 қаңтар 2025 ж. 112 0