Қазалы аудандық прокуратурасының ғимараты пайдалануға берілді
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазалы аудандық прокуратурасы ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров және зиялы қауым өкілдері, кент тұрғындары қатысты.
«Бүгін өздеріңізбен бірге Әйтеке би кентіндегіаудандық прокуратура ғимаратының ашылуына куә болудамыз. Бұған дейін прокуратура қызметкерлері аудан орталығынан ғимарат жалға алып, пайдаланып келді. Енді, міне, сәулетті, заман талабына сай, жаңа ғимаратқа ие болды.
Прокуратура қызметкерлері еліміздегі конституциялық тәртіп пен заңдылықтың сақталуы, азаматтардың құқықтарын қорғау мен заңсыздықтарды жою жолында бар күш-жігерін жұмсап, қызметтерін адал атқара береді деп сенемін. Баршаңызды аудандық прокуратура ғимаратының ашылуымен шын жүректенқұттықтаймын! Әділетті Қазақстан құру жолындағы ізгі мақсат-мұратымызға адал еңбекпен, бекем бірлікпен, тату тірлікпен, толайым жетістікпен жете берейік! Жаңа жыл әр шаңыраққа бақ-береке әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!»,– деді аймақ басшысы.
Іс-шарада ауданың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер, құқық қорғау саласының қызметкерлерімен құрылыс мекемесінің мамандары марапатталды.Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыс прокуроры Ризабек Ожаров рәсімге келушілерді құттықтады, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов батасын берді.
Айта кетейік, Қазалы ауданында экономиканың барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Айтулы істер мен жарқын жобалар жүзеге асты.
Өткен жылдың басында аудан бюджеті 10 млрд. 800 млн. теңге болса, жыл қорытындысымен 18 млрд. 946 млн. теңгеге жетіп, 70 пайызға өсті. Бұл қаржы тұрғындардың өзекті деген мәселелерін шешугебағытталуда.
Қазан айында елдің тұтастығын, береке-бірлігін, ынтымағын ту етіп көтерген тарихи тұлғалар Әйтеке бидің 380 жылдығы мен Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Сол кезде 148 отбасыға жаңа баспана кілті табысталып, «Әмір Арена» спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді, Абай ауылы «көгілдір отынға» қосылды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде. Алдағы ақпан айында пайдалануға беріледі. Ал «Руханият» орталығы сәуір айында ел игілігіне айналмақ.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кенті, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені және «Майдакөл» ауылында 100 орындық ауылдық клубтың құрылысы жүргізілуде.«Кәукей» ауылындағы 100 орындық клуб өткен аптада іске қосылды.
Былтыр ауыл арасындағы, елді мекенішілік жолдардың жағдайын жақсару бағытында бірқатар жұмыс жасалды. Бүгінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 88,2 пайызға жетті.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі