Білім бәсекесін бағындырған үздіктер

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, өткен жылдан бастау алған ауыл мектептері оқушылары арасындағы республикалық пән олимпиадасының негізінде жүлделі орын иеленген ауыл мектебі оқушыларының саны шамамен 8 есе артқан. Дүбірлі дода бойынша ауданның, облыстың намысын қорғаған оқушыларымыз өткен жылы жақсы нәтиже көрсете білді. Биылғы жылы да мың жүйріктің ішінен нағыз жүйріктер оза шауып, үздік атанған оқушыларымыз жемісті жеңіспен оралды.
Республикалық олимпиада ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарындылығы мен қабілеттерін анықтау және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануы мақсатында және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлының тікелей тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып, бастау алған болатын.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың І мектепішілік кезеңі өткізіліп, оған аймақтағы 8189 оқушы тіркелді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 5500 оқушыны құраған болатын, яғни биыл қатысушылар саны 2689 оқушыға артты. Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқартып, ауылдық жерлердегі оқушылардың дарыны мен қабілетін анықтаған олимпиада олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдар алуына жағдай жасайды. Шалғай елді мекендердегі дарынды балаларды қолдауға бағытталған республикалық олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатысуда. Ауыл олимпиадасы 13 пән бойынша жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда өткізіліп отыр. Олимпиаданың І кезеңіне қатысу үшін оқушылар auyl.daryn.kz сайтында тіркелген болатын. Биылғы жылдың нәтижесі бойынша 8 мыңнан астам оқушы қатысуға ниет білдірген.
Қыркүйек айында республикалық олимпиаданың I мектепішілік кезеңі бастау алып, II аудандық және ІІІ облыстық кезеңдері ойдағыдай өткізілген болатын. Өз кезегінде 26-30 қараша аралығында Астана қаласында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша республикалық кезеңі өткізіліп, қорытындыланды. Республикалық олимпиаданың ІV кезеңіне республиканың түкпір-түкпірінен 500-ге жуық оқушы қатысты. Облыстық кезеңде ауданымыздан қатысқан 86 оқушының 36-сы жеңімпаз атанып, оның 6-сы республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Олар жаратылыстану-математика бағытының математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндері бойынша өз білімдерін сарапқа салды. Білім бәсекесінде Қызылорда облысынан жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша өңірден 25 қатысушы жүлдегер атанып, оның ішінде 7 оқушы алтын медаль, 10 оқушы күміс медаль, 8 оқушы қола медаль, 4 оқушы Алғыс хатпен марапатталып, республикалық кезеңнен алғашқы орынға шығып қана қоймай Сыр елінің абыройын асқақтата түсті.
Қызылорда облысы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2024» номинациясымен І орынды иеленіп, облыстың мерейін үстем етті. Дүбірлі доданың республикалық кезеңінде биылғы жылы ауданнан 5 оқушы бақ сынап, оның 2-еуі жүлделі орын иеленді. Атап айтқанда, Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Кәусар Жарылқасын өзінің шеберлігі мен білімін дәлелдеп, қаншама білімді оқушылардың арасынан оза шауып, химия пәні бойынша алтын медаль иегері атанды. Сондай-ақ өткен жылы орыс тілі мен әдебиеті пәнінен қатысып І орын алған №36 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Айзада Ерланқызы биология пәнінен қола медальға ие болды. Жетекшісі – Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің білікті ұстазы Г.Ешмұратова.
Пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне химия пәнінен 9-сынып атынан бақ сынап, жүлделі І орын иегері атанып, алтын медальді қанжығасына байлаған Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Кәусар Жарылқасынның есімін ерекше атап өтуге болады. Себебі жасы кіші болса да өз жасынан жоғары қатысушылардың арасынан оза шауып, алтын медальға қол жеткізу әсте оңай емес. Кәусардың қаншалықты дарынды, білімді, ізденімпаз, жан-жақты оқушы екенін жақсы білеміз. Дарынды жас талай аудандық, облыстық, республикалық сайыстарда топ жарып, жүлдегер атанып келеді. Сондай-ақ білімді оқушы былтырғы жылы да республикалық олимпиадаға қатысып, күміс медаль иегері атанған болатын. Бұған қоса қатысушылар арасынан жеңіс тұғырынан көрініп, ең жас қатысушы ретінде танылып, «Ең жас қатысушы – 2024» атағы және «Олимпиаданың ең жас қатысушысы» номинациясы бойынша дипломмен марапатталған еді. Осы тұста шәкіртінің биік шыңнан көрінуіне бірден-бір себепші болған жетекшісі, №42 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Піржан Төлегеннің еңбегін айтып өтпеуге болмас. Жас маманның да бүгінгі күні жеткен жетістіктері жетерлік. Ауданымыздың ғана емес, сондай-ақ облыстың таңдаулы білікті маманы деп айтуымызға толық негіз бар. Мектеп-лицей тарихын жаңартқан оқушының да жас ұстаздың да алда алар асуы мен бағындырар белесі көп екеніне сеніміміз мол.
Марапаттау рәсіміне қатысқан Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қанибек Жұмашев: «Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың тікелей тапсырмасымен ауыл мектептерінің талантты және білімге құштар оқушыларын анықтау мақсатында республикалық олимпиада екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Егер былтыр олимпиаданың бірінші кезеңіне 78 мың оқушы қатысса, биыл олардың саны 113 мыңнан асты. Бұл ауыл оқушыларының интеллектуалдық жарыстарға деген қызығушылығының артып, республикалық олимпиаданың мәртебесінің жоғары екенін көрсетеді. Баршаңызды жетістіктеріңізбен құттықтаймын және білім жолында жаңа табыстар тілеймін» деп, өз құттықтауын білдірді.
Алдағы уақытта олимпиаданың республикалық кезеңінің гуманитарлық пәндер бағыты бойынша ағылшын пәнінен ауданымыздан қатысатын оқушыларымызға сәттілік тілейміз.
Өз кезегінде шәкірттерінің жеңіске жетуіне тер төккен ұстаздар мен тақымын қысқан ата-аналарды, ойы озық оқушыларымызды жемісті жеңістерімен құттықтай отыра, биік белестерді бағындыра берулеріне тілектеспіз.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ