Ақ ұлпа өлең
Аудандық газет редакциясы – шығармашылық адамдарының қарашаңырағы. Олай дейтін себебіміз де жоқ емес. Ұлылардың ізі қалған редакция табалдырығын төрге, төрін тұғырға балау да кездейсоқ емес.
Әдетте әдебиет әлеміне жол алған ақын-жазушылардың тырнақалды туындылары бастапқыда газет бетінде жарияланып жатады. Жергілікті ақын-жазушылардың кітабы жарық көрсе, алғашқы оқырманның бірі – редакция тілшілері болатынын да айта кету орынды. Осы орайда ойлы оқырманның олжасына тағы бір жинақ жарық көргенін айтып, сүйіншілегіміз келеді.
Жергілікті ақын Алпамыс Арыстанұлы бұған дейін алғашқы кітабын шығару мақсатында жұмыстанып жатқанын айтқан болатын. Жылдың жағымды жаңалығының бірі ретінде төл туындысын жарыққа шығарған жас ақын редакция ұжымына өз кітабын ала келді. Осы ретте біз де өресі биік, шабыты шалқар ақынға қолдау көрсетіп, төл туындысының тұсауын беделі биік басылым арқылы кесіп, оқырман қауымға таныстыруды жөн санадық.
Жергілікті ақын өлеңдері жинақталған кітап 115 беттен тұрады. Қызылорда қаласында, «Elzhan Design» баспа үйінде басылған. Техникалық редактор Мағжан Мұратұлы кітаптың сапалы шығуын қадағалаған. Бірнеше данамен басып шығарылған кітаптың сиясы әлі кеппеген. Шағын кітаптың тезисінде ақын «Жүректен шыққан сөз жүрекке жететіні сөзсіз. Сіздердің назарларыңызға «Ақ ұлпа өлең» атты алғашқы өлеңдер жинақ төл туындымды ұсынып отырмын. Небір мықтылар дүние дидарын ашқан Сәкен Сейфуллин ауылымды өлең туған өлке десем, артық айтқандық емес. Әрбір өлеңім менің перзентім секілді. Өлең – менің өмірім» деп жазады. Ақынның туған жерге деген сүйіспеншілігі ә дегеннен байқалғандай. Алпамыстың өлеңдерінен де туған жерге құрметтің лебі айқын аңғарылып тұрады.
қ қазақтың қара домбырасынан шабыт алып, ұлттық құндылықты қазына деп білген өнер иесінің әу дейтін де өнері бар. Қара сөз бен қара домбыраны өміріне айналдырған азаматтың алған асуы да, шығар шыңы да биіктен. Астана қаласында білім алған оның өлеңге деген құштарлығы төменгі сыныптарда-ақ байқалған. Оның қабілет-қарымын байқаған ұстаздар болашақ ақынға жол көрсетіп, өлең сөзге баулыған. Ауылдық клуб үйінде «Жас қалам», «Домбыра» үйірмелеріне жетекшілік ететін жас ақын түрлі деңгейдегі байқауларда бақ сынап, бағы мен бабы қатар шауып келеді. Атап айтар болсақ, Сырдария ауданының 95 жылдығы мен Мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Қазантаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен «Дара тұлға» жазба ақындар мүшәйрасында жүлделі І орынды, Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ерлік пен бірлік мұрасы» мүшәйрасында ІІ орынды жеңіп алған. Одан бөлек монолог оқушылар арасындағы байқау мен облыстық жазба ақындар мүшәйраларында қанжығасы майланып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл – Алпамыстың жеткен жетістіктерінің бір парасы ғана.
Кітаптың алғысөзін алғашқы ұстазы Айткүл Қыдырбаева, жас ақын Ақерке Балман және айтыскер ақын, өлең жолындағы ұстазы Нұрмат Мансұров жазған.
– ... Ол қазақ тілі, ана тілі сабақтары болатын кезде көзі жайнап шыға келетін. Сөйлем құрау, өлеңдердің ұйқасын табуға өте шебер еді. Қоңырау уақытында балалар ортаға алып, Бақтөре Айтбаев екеуін айтыстырып, қызығына батып, оларды жігерлендіре түсетін. Жоғарғы сыныпқа көшкен уақытында қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдеріне, ақын азаматтар, өзімнің оқушыларым Бағдат Есназар мен Нұрмат Мансұрға Алпамыстың болашағы зор үміт күттіретінін айтып, әрі қарай дамытуға бағыт-бағдар беруін тапсырып отырдым. Кейін Алпамыс оқу іздеп жыраққа кетті. Бірақ өзі өсіп, топырағына аунаған мекенін еш уақытта ұмытқан жоқ. Сағынған уақытында туған жердің қадір-қасиетін жырлап, анасын ойлап жыр шумақтарын жазып, жолдап жүрді, – деп жазады алғашқы ұстазы А.Қыдырбаева.
Расында, Алпамыстың туған жерге деген сүйіспеншілігі ерекше. Өскен жерге өлең арнамаған ақын кемде-кем шығар. Десек те Алпамыстың өлеңдерін оқып отырып, басым көпшілігінің туған елге, ата-анасына, туыс-бауырларына арналғанын аңғарамыз.
– Ақын – асқақ рухтың адамы. Шалқар шабыт шыңға шығарары сөзсіз. Өлең деген өзі нәзік сәуле. Ақ ұлпа қардай. Жылт етіп ойға оралады да, уақытында қағазға түртпесең ғайып болады. Әдебиет әлеміндегі алғашқы жинағыма ақ жол болсын деп «Ақ ұлпа өлең» деп атадым. Ақын өлеңді өзі үшін, жүрек түкпіріндегі кішкентай сәбиін жұбату үшін жазады. Қағазға түскен озық ой оқырман тарапынан да қолдау көріп жатса, нұр үстіне нұр болар. Алла қаласа, алғашқы өлең жинағымды жерлестерге арнадым. Бұл менің шығармашылығымның басы болғанымен, соңы емесі анық, – дейді Алпамыс Арыстанұлы.
«Мың рет естігенше, бір рет көр» дейді қазақ. Ендеше біз бір мақалада таныстырып өткен ақын кітабын оқып, ой қорытуды оқырманға қалдырдық. Ал жас ақынның ақжолтай жаңалығына сәттілік тілеп, ақ жол дегіміз келеді!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ