Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Болашаққа нық қадам

Болашаққа нық қадам

2024 жыл ауданымыздың білім саласы үшін табысты да жеңісті жыл болды. Жыл жетістігі, жыл жаңалығы деген сөздерге еңбек пен толағай табыс, нардай намыс пен жүлделі жетістік, ғажайып өзгерістер қосылды. Биік тұғырды бағындырған сала мамандары жыл қорытындысымен салтанатты іс-шарада бас қосты.

Ұлу жылының жарқын жетістіктері мен жақсы естеліктері тарих қойнауына аттанды. Жыл бойы ұстаздар мен оқушылар толағай табыстарға қол жеткізді. Жылдың соңғы күнін сәтті аяқтаған білім саласы жүріп өткен бір жылға баға беріп, болашаққа тың қадам жасады.

Салтанатты іс-шарада аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып жыл үздіктерін құттықтап, марапаттады. Әріптестерін құттықтаған бөлім басшысы аудан бойынша 53 білім беру ұйымының, оның ішінде 30 мектепке дейінгі білім беру, 17 мектеп, 6 қосымша білім беру ұйымының жетістіктеріне тоқталды.

– Біздің ғасырымыз – бәсекелестік ғасыры. Өйткені еліміздің ертеңі, ұлтымыздың әлемдегі орны, бүгінгі мұғалім оқытқан шәкіртке байланыс­ты. Ал оқушылардың білім сапасы – мұғалімдердің шығармашылық еңбе­гінің нәтижесі. Заманауи әлемде шәкірттеріміз халық игілігіне үлес қосып жатса, ол ұлтымыз үшін мақ­таныш, еліміз үшін абырой. Жаңа заманда, өзгермелі қоғамда білім беру үрдісі де, технологиясы да уақыт дең­гейімен демде құбылып, заманның зердесіне сай бейімделіп, өзгеріп отыруы заңдылық. Әрбір ұстаз осы құбы­лыстар мен өзгерістердің өзегіне кіріп, оң істердің орамын тауып, оны шәкірт бойына талғамды баппен бере білуі керек, – деді Еркебұлан Төлепбергенұлы.

Өткен жылы білім саласына бөлін­ген қаржы 12,4 млрд теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 1,2 млрд теңгеге артқан. Аудандағы 30 мектепке дейінгі ұйымда 2031 бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балалар­дың қамтылуы 92,6 пайызды құра­са, 3-6 жастағы бала 100 пайыз қамтамасыз етілген. Аудан мектептерінде 8233 оқушы білім алуда, 3 ауысымда, апаттық жағдайда мектеп жоқ. Білім беру ұйымдарында осы оқу жылында 1328 педагог кадр жұмыс жасайды. Олар­дың 1276 жоғары білімді, 52 арнаулы орта білімді мамандар. Педагог кадрлардың 218-і педагог-зерттеуші, 460-ы педагог-сарапшы, 433-і педагог-модератор.

Одан әрі саланың жетістігін саралаған бөлім басшысы жалпы білім беретін оқу пәндері бойынша республикалық пәндер олимпиа­да­сының қорытындысы нәтижесінде И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейі респуб­ликадағы үздік 100 мектеп тізіміне енгізілгенін айтты. Соны­мен қатар республикалық пән­дер олимпиа­дасының облыстық ке­зеңі­не 36 оқу­шы жолдама алып, рес­публикалық кезеңіне 6 оқушы қатысып, 2 оқушы жеңімпаз атанған.

Шәкірттердің жетістіктері – білім беретін ұстаздардардың жемісі. Ауданда 2024 жылы түрлі сайыстарда ұстаздар қауымы да жүлделі орындар иеленді.

– «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтыл­ғанның бәрін жете түсінетін, көрген, естіген және аңғарған нәр­селердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі» – деп әл Фараби бабамыз ұстаздарға ғасырлар бойы өлмейтін баға беріп кетті. Егемен еліміздің ертеңіне тірек, іргесіне сүйеу болатын жас­тары­мыздың азаматтық келбеті, адам­гершілік қасиеті артып, болашағы жарқын болғай. Келіп жеткен жаңа жылымыз жақсы жаңалықтарымен, жетістіктерімен келсін, – деп ізгі тілегін білдірді бөлім басшысы.

Одан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, ұстаздар құрмет төрі­нен көрінді. Салтанатты жиын бары­сында ауданның алдыңғы қатардан көрінуіне, ұрпақ тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосып жүрген қызметкерлер марапатталды. Өз кезегінде Сырдария ауданының Құрметті азаматы, білім саласының ардагері Ұлмекен Жанәлиева республикалық «Ел құр­меті» қоғамдық қорының «Ерен еңбек иесі» «Ы.Алтынсарин» төс­белгісімен марапатталды.

Сонымен қатар ерен еңбек еге­леріне облыс және аудан әкімінің Алғыс хаты, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитетінің Алғыс хаты, Құрмет грамотасы табыс­талды. Сондай-ақ жыл үздіктері арнайы аталымдармен марапат төрінен көрінді. Салтанатты іс-шара аудан өнер­­паздарының концерттік бағ­дар­ламасымен жалғасты.

Бибісара ЖАНӘЛІ
07 қаңтар 2025 ж. 84 0