Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№102 газет

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 газет

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қатені түзетер уақыт келе ме?

Қатені түзетер уақыт келе ме?

Елімізде алғашқы кино осыдан бір ғасыр бұрын түсірілген болатын. Сол уақытта Қазақстан жөнінде алғашқы деректі фильм көрерменге жол тартты. Жылдар хроникасына көз жүгіртсек, сан түрлі жанрдағы көптеген кино көпшілік бағасына ие болды. Әр жылдары еліміздің киноиндустриясы дамып, «көгілдір экраннан» орын алды. Осы күні шетелдік тәжірибе енгізіліп, кино түсіруде кез келген режиссер заманауи үлгіге иек артуда. Дегенмен, мол қаражат тауып, киноны табыс көзіне айналдырған мамандар тіл заңдылығын сақтауға ықтиярлық танытпай жүр.

­Комедия жанрында түсірілген кино­ның көпшілігі бейәдеп және былапыт сөзбен былғануда. Талғам мен танымның өлшеміне айналған ауқымды саланың жұмысынан ұлттың бітім-болмысы айшықталатыны рас. Қазіргі уақытта тіл заңдылығының сақталмауына кино түсірушілер аса мән бермейді. Саладағы қордаланған мәселенің негізгісі – ана тіліміздің қорлануы екені даусыз. Табысы миллиардты құрайтын, халықты өзіне баурап алатын өнімнің сценарийі былапыт сөзден арыла алмайды. Прокатқа шыққан фильмнің продюссері шұ­рай­лы қазақ ті­лі­не жана­шыр­лық танытпай, өзінің жеке мүд­десін жоғары қоятыны байқалады.

Идеологияның басты құралы саналатын кино саласында ұлттың тұтастай тағдыры жатыр. Тіл заңдылығының бұзылуына бірнеше фактор әсер етеді. Әу бастан киноның мазмұнында кемшін тұстар байқалса, туындының сәтті шығуына ешкім кепілдік бере алмайды. Мейлі, миллиондаған қаржыға түсірілген фильм белгіленген ортаға өтімді болғанымен, сауатсыздық деңгейі төзімді тауысады. Жылына 1 миллиард касса жинаған киноның көпшілігінде тіл тазалығы сақталмаған. Жеңіл әзілге лайықтандырылып түсірілген киноның ғұмыры ұзақ болмасы анық.

Грамматикалық қа­тені ескермегеннің өзін­­де, құлақ тұн­ды­рар бейәдеп сөз­дер адамның құтын қа­шы­рады. Боғауыз толы кинода жұрт­шылыққа ұсынатын эстетикалық, этикалық мәдениет кенжелеп қалған. Ұлттың тілі жоғалу қауіпі туындаған жағдайда рухани иммунитет әлсірейді. Азғындық белең алып, ұрпақ тәрбиесіне селкеу түседі. Бүгінде кинотеатрға баратын жастардың қарасы қалың. Көркемдік жағынан ақсап жатқан киноның мазмұнына қаныққан жастар теріс іс-әрекетке баруы мүмкін. Жарнамасы жер жаратын кинодағы тіл тазалығына ең алдымен өнім беруші жауапты. Мұндайда прокатқа шығатын фильмді сүзгіден өткізетін көркемдік кеңес керек.

– Отандық киноның жағдайы соншылықты ауыр халде болатынына өткен ғасырда ешкім сенбес еді. Адами құндылықты қолжаулық еткен киногерлер тек табыс табуды ойламау керек. Елімізде кірпияз саланың қызметіне ауқымды реформа жасалу қажетті. «Көгілдір экраннан» көрсетілетін киноның басым бөлігі қос тілде көрсетіліп жатады. Фильм анық бір тілде түсірілсе игі. Мұндайға әбден етіміз үйреніп кетті дегенді қойып, ашық көзқарас танытқан абзал. Бесіктегі бала – келешек елдің тұтқасын ұстайтын азамат десек, тілі шұбарланған кино­ны балаларға көрсетуге шектеу жасалғаны жақ­сы. Кей кино­дағы қателіктен аяқ алып жүру қиын, – дейді еңбек ардагері, «Қазақ тілі» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт.

Әрине, былапыт сөз ұлт болмысының көрінісі емес. Мәдениет тірегі деп бағаланатын киноның сапалы түсірілуіне шығырмашылық құрам жауапты десек, олар халықты былапыт және бейәдеп сөздермен алдамауы маңызды. Ертеректе қалыптасқан кинодағы алпауыт күшті қайтару үшін тілдің шұрайына селкеу түсірмейік. Жыл сайын «28 желтоқсан – халықаралық кино күні» аталып өтіледі. Ендеше, атаулы күнді пайдаланып, кинодағы тілдің олқылығын тізбектедік.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
28 желтоқсан 2024 ж. 63 0