Сергектік сыйлаған спартакиада
Саламатты өмір салтын қалыптастыруды басым бағыт еткен аудан әкімінің кубогына арналған спартакиада өтті.
Мекеме қызметкерлері бір сәт қағаз бен құжаттан бас көтеріп, спорттық сайыста бақ сынады. Қызықты әрі тартысты өткен сайысты аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі ұйымдастырды.
Спорттық сайыстың салтанатты ашылуына аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов және «Биали» спорт дүкендері желісінің директоры Асхат Қасымұлы арнайы қатысты. Жиынды ашып берген құрметті қонақтар спортшыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуінде «Спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз» деген болатын. Ел Президентінің тапсырмасымен, Үкімет және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сыр елінде спорт саласында қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Ауданда спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып, мәдени-спорттық іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан айтулы жұмыстардың нәтижесінде аудан тұрғындарының 39 пайызы тұрақты спортпен шұғылдануда. Оның қатарында мемлекеттік қызметшілер де бар. Бүгінгі күні қоғамда саламатты өмір салты мен бұқаралық спортты дамыту маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Сондықтан бүгінгі жарысқа аудандағы мемлекеттік қызметшілер қатысып отыр. Мемлекеттік қызметшілер ел дамуымен қатар саламатты өмір салтын қатар ұстауы тиіс. Спорттың бұқаралық сипатын дамытуға ерекше үлес қосулары керек. Осы бағытта бүгін ұйымдастырылып жатқан спорттық іс-шараның маңызы үлкен деп есептеймін. Бүгінгі жарыста барлығыңызға сәттілік тілеймін! Мемлекеттік қызметшілер арасындағы аудан спартакиадасын ашық деп жариялаймын! – деді аудан әкімі.
Одан кейін Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, жарыс басталды. Сайысқа барлығы 5 команда қатысты. Олар аудан әкімдігінің құрама командасы, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдерінен екі топ және мекеме мен бөлім басшылары бір топ болып қатысты. Спортшылар сайыстың үш түрі бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметшілер арқан тартыста күш таластырды. «Күш атасын танымас» дегендей, күнделікті қауырт тіршіліктен бір сәт бой жазған қызметкерлер спорттық сайыста белсенділік танытты. Жарыста бекітілген бас төрешілер алқасы қазылық етті. Екінші кезеңде спортшылар қол күресті. Бірінен бірі оза шапқан азаматтар спорттың бұл түрінде де қалыс қалмады. Үшінші кезең волейбол, яғни тоспа доп ойыны бойынша өтті.
Сайыста бес команда құрамында 50-ден аса қызметкер тартысты ойын өрнегін көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша бағы мен бабы қатар шапқан командалар жүлделі орындармен, демеушілер атынан тағайындалған қаржылай сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ аудан әкімінің кубогына арналған спартакиада ойындарына белсене қатысқаны үшін аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, Қоғалыкөл ауылдық округінің әкімі Бақытжан Рақымбеков, экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Ахетов, Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Самалбек Өмірбаев, Қалжан ахун ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Акбаров аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
– Сайыс тартысты әрі көңілді өтті. Басшылар мен қызметкерлер бақ сынаған аудандық спартакиаданы ұйымдастыруда қолдау көрсеткен жандарға, белсенді атсалысқан азаматтарға, демеушілік жасаған «Серікбол» сауда үйінің директоры Мәдина Омарова мен «Биали» спорт дүкендері желісінің директоры Асхат Қасымұлына арнайы алғысымды білдіремін, – дейді аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің әдіскері Жадыра Бағдатқызы.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ