Аудан әкімінің есепті кездесулері басталды
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың есепті кездесулері Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді ауылдарында басталды. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, дербес бөлім және мекеме басшылары, сала мамандары, жергілікті тұрғындар қатысты. Өз кезегінде аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімінің қолдауымен өңірде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын І санатты жолға айналдыруға шешім қабылданды. «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының 216 шақырымы жөнделуде. Облыс орталығы ыстық сумен қамтамасыз етіледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орындық 21 мектеп салынуда. Өткен жылы 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 11-нің құрылысы жүргізіледі. Оның 1-еуі аудан орталығында бой көтереді. «Б.Өтемұратов» қорының қолдауымен 17 млрд теңгеге жуық қаржыға «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы халықаралық талаптарға сай етіп салынды. Ғимарат жақын арада пайдалануға берілмек. «Руханият жылы» аясында жалпы құны 11 млрд 500 млн. теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары барлық аудан орталықтарында салынып, пайдалануға беріледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында құны 11 млрд теңгені құрайтын 27 нысан салынуда. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды. Биыл қалған 11 нысан және 1 ауылдық аурухана салынады. Осы ретте, Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулатория 103 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізілуде. Жалпы, барлық сала бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылып, елді мекендерді газдандыру, электр желілерін қайта жаңарту, су құбырларын жаңғырту, жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан басшысы.
Биыл Айдарлы ауылының құрылғанына – 50 жыл. Елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар атаулы дата аясында ұйымдастырылуда. Сондай-ақ ауылдағы «Уәлихан» және «Тораңғылды» каналдары қазылып, аяқ су мәселесі шешімін табуда. Жетікөл ауылында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында 6 көшеге бейнебақылау камералары орнатылса, Аманкелдіде А.Ағайдаров, А.Жанкин, М.Қалымбетов көшелерінің ауызсу құбырларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Кездесулерде тұрғындар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі барлық ұсыныс бақылауда болып, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.
«Тт» ақпарат