«Жас мерген – 2024»

Осы ретте, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 толуына орай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жас мерген – 2024» сайысы өтті. Облыстық сайыстың негізгі мақсаты – оқушыларды ұлтжандылыққа, отан сүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу, әскери-патриоттық үйірмелердің жұмысын жетілдіру.
Тәрбиелік мәні зор іс-шарада облыстық білім басқармасының тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Фархад Лиясұлы, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Алмас Есназар және аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы Жомарт Пірназаров сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыста оқушылар 8 кезең бойынша сайысқа түсті. Атап айтар болсақ, АК-74 оқу қаруын толық емес бөлшектеу, АК-74 оқу қаруын толық емес жинақтау, АК-74 оқу қаруын оқжатарын оқпен жарақтау, пневматикалық винтовкадан нысанаға ату, пневматикалық винтовкадан жылдамдыққа ату. Сонымен қатар, жалпы әскери қорғаныс жинағын плащ түрінде кию, белтемірге тартылу, командалық кросс жүгіру секілді сайыстарда ептілік, жылдамдық, мергендіктерін көрсетті. Тартысты өткен сайысқа қала мен 7 ауданнан 5 оқушыдан қатысты. Төрешілікті аудандық білім бөлімі бекіткен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдері жүргізді.
Әрбір сайыста жеңімпаз болғандар анықталып отырды. Нәтижесінде, жалпы командалық есепте жүлделі бірінші орынды Арал ауданы, екінші орында Сырдария ауданы және үшінші орынды Жаңақорған ауданы жеңіп алды. Тартысты өткен жарыста жекелей сайыстарда үздік деп танылған оқушылар мен бірқатар жетекшілер марапатталды.
Т.ШАНЖАРХАНОВА